Дастан Сәтбаев Гонконгте «Челси» жанкүйерлерін тәнті етті
Жас шабуылшы Гонконгте жанкүйерлермен суретке түсіп, оларға қолтаңба сыйлады
Лондонның «Челси» клубында өнер көрсететін 17 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтбаев Гонконгтегі жанкүйерлерді тәнті етті. Жас футболшы командасын қонақүйдің алдында күтіп алған жанкүйерлермен жылы жүздесіп, олармен еркін әңгімелесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Лондондық «Челси» маусым алдындағы тур аясында Гонконгке келді. Ағылшын клубын қонақүйдің алдында ондаған жергілікті жанкүйер күтіп алды. Олар сүйікті футболшыларынан қолтаңба алып, естелік суретке түсуді көздеген.
Дастан Сәтбаев жиналған жанкүйерлерге арнайы уақыт бөліп, олармен суретке түсті және спорттық бұйымдарға қолтаңбасын қалдырды.
Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желілерде тез тарап, көпшіліктің назарын аударды. Қолданушылар бұл сәтті қызу талқылап, қазақстандық футболшының ашықтығы мен жанкүйерлерге деген құрметіне тәнті болғанын жазып жатыр.