«Әл-Насрда» дағдарыс: Роналдудың клубы 200 млн доллар қарызға батты
Ойыншылардың жалақылары да ішінара кешіктірілген
Сауд Арабиясының қазіргі чемпионы «Әл-Наср» футбол клубы ауыр қаржылық дағдарысқа ұшырады. Ұжымның жинақталған қарызы 800 миллион риалдан асып жығылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәліметтерге сүйенсек, бұл тығырыққа клуб басшылығының өткен маусымдағы тым ысырапшыл шешімдері себеп болған. Қаржы тапшылығы команданың ішкі ахуалына да әсер етіп үлгерді, маусым айында негізгі құрамның бірнеше футболышысы айлықтарының тек жартысын алған.
Бұдан бөлек, жаңадан келген бас бапкер Анге Постекоглу құрамды күшейте алмай отыр. Жартылай қорғаушы Марсело Брозович клубтан кеткенімен, оның орнын басатын ойыншыны сатып алу процесі қаржылық бұғаттауға байланысты толығымен тоқтатылды.
«Әл-Насрды» бақылайтын Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қоры жағдайды реттеу үшін шұғыл шараларды қолға алды.
Ерекше атап өтерлігі, бұл дағдарыс «Әл-Насрдың» соңғы жылдардағы ең сәтті маусымынан кейін болып отыр. Команда чемпиондық атақты жеңіп алып, Азия чемпиондар лигасының финалына дейін жеткен еді. Осы орайда маусымда 28 гол соққан Криштиану Роналду карьерасындағы 1000 голдық межені бағындыруды көздеп отыр (қазір оның еншісінде 976 гол бар).
Алайда клубтағы қаржылық шиеленіс дер кезінде шешімін таппаса, 41 жастағы Португалия жұлдызы «Әл-Насрда» ұзақ бөгелмеуі мүмкін. Оның қолданыстағы келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін есептелген.