«Қайрат» «Ордабасыны» жеңіп, Қазақстан Премьер-лигасының көшін бастады

Автор: Алмас Ерсін
Фото: «Ордабасы» ФК баспасөз қызметі

Алматылық «Қайрат» Қазақстан Премьер-лигасының 19-турының орталық матчында шымкенттік «Ордабасыны» жеңіп, турнир кестесінде жеке-дара көш бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматыдағы Орталық стадионда өткен кездесу алаң иелерінің 2:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

Есеп 14-минутта ашылды. Марк Гуаль «Қайраттың» шабуылын баспен дәл аяқтап, командасын алға шығарды. Екінші таймда қонақтар таразы басын теңестіруге ұмтылғанымен, 87-минутта Ойва Юккола алматылықтардың басымдығын еселей түсті. Қосымша уақытта Берн Йонсен есеп айырмасын қысқартқанымен, «Ордабасы» жеңілістен құтыла алмады.

Осы жеңістен кейін «Қайрат» 44 ұпаймен Қазақстан Премьер-лигасының турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді. Ал 42 ұпайы бар «Ордабасы» екінші орында тұр. Шымкенттік клубтың қорында әлі бір ойын бар.

«Қайрат» – «Ордабасы» – 2:1 (1:0).

Голдар: Марк Гуаль, 14 (1:0), Ойва Юккола, 87 (2:0), Берн Йонсен, 90+2 (2:1).