Елена Рыбакина Уимблдонмен қоштасты

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстанның бірінші ракеткасы бельгиялық Элизе Мертенстен жеңіліп, турнирді мерзімінен бұрын аяқтады

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстанның бірінші ракеткасы, Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің үшінші айналасында жеңіліп, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2022 жылғы Уимблдон чемпионы әлемнің 27-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенске 6:7 (4:7), 1:6 есебімен жол берді.

Соңғы айларда Рыбакинаның ойынында тұрақсыздық анық байқалып келеді. Ол биылғы маусымды 2026 жылғы Аустралия ашық чемпионаты мен 2026 жылғы Штутгарт WTA 500 турниріндегі жеңістерімен сәтті бастағанымен, кейінгі нәтижелері көңіл көншітпей жүр. Қазақстандық теннисші бірнеше айдан бері өз ойынын қайта табуға тырысқанымен, күтпеген жеңілістер жиілеп кетті. Оның үстіне бұл жолы Рыбакина бұған дейін жеке кездесулерде 7:1 есебімен басым түскен қарсыласына есе жіберді.

Кездесу барысында қазақстандық спортшының жіберген мәжбүрсіз қателіктері көп болды. Шешуші сәттерде сенімсіз ойын көрсетіп, өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады.

Алғашқы сетте брейкті қайтарып, тай-брейкте есепте алға шыққанымен, басымдығын сақтап қала алмай, 4:7 есебімен жеңіліп қалды.

Екінші сетте Рыбакинаның ойыны мүлде жүрмеді. Бұл Уимблдонның алғашқы айналымында франциялық Лоис Буассонмен өткен матчтағы жағдайды еске салды. Сол кездесуде де ол екінші сетте 1:6 есебімен ұтылған еді. Алайда ол кезде шешуші үшінші сет болған. Ал бұл жолы камбэк жасауға мүмкіндік болмады.

Матч 1 сағат 35 минутқа созылып, 6:7 (4:7), 1:6 есебімен аяқталды. Осылайша Елена Рыбакина Уимблдондағы өнерін үшінші айналымда аяқтады.

Бүгін Уимблдонда Қазақстанның тағы екі өкілі кортқа шығады. Александр Бублик үшінші айналымда америкалық Фрэнсис Тиафомен кездеседі. Теннисшілердің өзара кездесулеріндегі есеп – 2:2.

Сондай-ақ жұптық сында Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге украиналық Ангелина Калинина мен Даяна Ястремская жұбына қарсы ойнап, турнирдің 1/8 финалына жолдаманы сарапқа салады.