Қазақстан құрамасы Гонконгтағы Азия чемпионатында алтын және күміс медаль жеңіп алды

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстандық жеңіл атлеттер құрлықтық біріншілікте сәтті өнер көрсетіп, ел қоржынына екі жүлде салды. Жарыс Гонконгта өтіп жатыр

Фото: instagram.com/qazathletics

Гонконгта өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы қоржынына алтын және күміс жүлде түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Командаға алғашқы алтын медальді 17 жастағы Максим Сажнев сыйлады. Ол диск лақтыру сайысында 60,45 метр нәтиже көрсетіп, барлық қарсыласын басып озды.

Бұл көрсеткіш спортшының жеке жетістігі ғана емес, 20 жасқа дейінгі жеңіл атлеттер арасындағы Қазақстанның жаңа рекорды болды. Финал барысында Сажнев алғашқы үш әрекетінің әрқайсында нәтижесін жақсартып, көрсеткішін 45,67 метрден 60,45 метрге дейін жеткізген.

Ал күміс медальді Қазақстанға әйелдер құрамасы 4×400 метрлік эстафетада алып берді. Команда сапында қарағандылық Милана Зубарева, алматылық Маргарита Косинова, павлодарлық Мария Зиневич және өскемендік Софья Киденко өнер көрсетті.

Қазақстандық спортшылар қашықтықты 3 минут 43,63 секундта жүгіріп өтіп, екінші орынға ие болды. Эстафетада Үндістан құрамасы жеңіске жетсе, Гонконг спортшылары қола медаль еншіледі.