Анна Данилина «Ролан Гаррос»-2026 турнирінің ширек финалына шықты
Қазақстандық теннисші аралас жұптар сайысында сәтті өнер көрсетіп, Франция ашық чемпионатының келесі кезеңіне жолдама алды
Қазақстанның жұптық сындағы үздік теннисшісі Анна Данилина «Ролан Гаррос» – 2026 турнирінің аралас жұптар сайысында 1/8 финал кезеңінен сәтті өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy sports.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстандық спортшы америкалық Джеймс Трэйсимен бірге австриялық Лукас Мидлер мен норвегиялық Ульрикке Эйкери жұбына қарсы ойнады.
Матч тартысты өтіп, үш сетке созылды. Алғашқы партияда Данилина мен Трэйси 6:1 есебімен басым түсті. Алайда қарсыластар екінші сетте қарымта қайтарып, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Кездесудің тағдыры чемпиондық тай-брейкте шешілді. Бұл сында қазақстандық-америкалық жұп 10:8 есебімен жеңіске жетті. Матч жалпы 1 сағат 12 минутқа созылды.
Осы жеңістің арқасында Анна Данилина мен Джеймс Трэйси турнирдің ширек финалына жолдама алып, микстегі чемпиондық атақ үшін күресті жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, олар алғашқы айналымда да сенімді ойын көрсетіп, австралиялық Сторм Хантер мен Монако өкілі Хьюго Нис жұбын 6:4, 7:5 есебімен жеңген болатын.
Биылғы «Ролан Гаррос» турнирінің жүлде қоры рекордтық көрсеткішке жетіп, 61,7 миллион еуродан асты. Ал аралас жұптар жарысының жеңімпаздары 122 мың еуро сыйақы алады.