«Бір бала қайтыс болған ойынды ауыл тұрғыны ресми келісім алмай өткізген»: депутат «Жаппай көкпарға» қатысты мәселе қозғады
Депутат Болат Керімбек Үкіметке «Жаппай көкпарға» арналған жаппай қауіпсіздік стандарттарын заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынды
Депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек премьер-Министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдап, көкпар ұйымдастыру кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік талаптарын күшейту мәселесін көтерді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Депутаттың ақпаратына сай, соңғы жылдары көкпарға қызығатындардың саны жаппай көбейіп жатыр. Әсіресе Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында бұл ойын кең таралғаны байқалады. Өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында аталған өңірлерде 130-ға жуық, ал биылғы наурыз-сәуір айларында 80-нен астам ресми ойын тіркелген. Бұдан бөлек, берілетін ас пен той аясында ұйымдастырылатын бейресми көкпарлар да аз емес.
«2025 жылдан бастап бұл саланы реттеу бағытында бірқатар шара қабылданып, «Жаппай көкпар» федерациясының жұмысы жанданды. Алайда іс жүзінде ортақ талаптар толық сақталмай отыр. Көп жағдайда ойын барысында күш көрсету басымдық алып, федерацияның үйлестіру жұмысының әлсіздігін байқатады. Сонымен қатар қатысушылардың жас ерекшелігі ескерілмейді, олардың саны да шектелмейді», – делінген депутаттық сауалда.
Мәжілісменнің сөзінше, кей жағдайда көкпарға бірнеше жүз адамнан бастап екі мыңға жуық адамға дейін қатысады. Мұндай жағдайда қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету қиынға соғады. Сондай-ақ көкпар аттарын баптау мен пайдалану тәртібі де нақты реттелмеген. Атқа күш көрсету, допинг қолдану және әдейі соқтығысу деректері де кездеседі.
Депутат соңғы оқиғалар бұл мәселеге ерекше назар аудару қажет екенін көрсеткенін атап өтті. Атап айтқанда, 26 мамырда Ақмола облысының Целиноград ауданында көкпар жаттығуы кезінде 14 жастағы жасөспірім аттан құлап, ауыр жарақат салдарынан көз жұмған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, көкпарды жергілікті тұрғын өз бастамасымен, жергілікті атқарушы органның ресми келісімін алмай, өткізген. Қайтыс болған бала спорт секциясына бармаған. Қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесі де ашық күйінде қалған. Қазіргі уақытта осы факті бойынша тергеу жүріп жатыр», – дейді депутат.
Осыған байланысты Болат Керімбек Үкіметке «Жаппай көкпарға» арналған қауіпсіздік стандарттарын заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынды. Оның ішінде қатысушылар санына шектеу қою, медициналық және ветеринарлық бақылауды міндеттеу мәселесі де аталды.
Сондай-ақ депутат Туризм және спорт министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, жергілікті атқарушы органдар мен федерация арасындағы құзыреттерді нақтылауды сұрады.
Бұдан бөлек, қауіпсіздік талаптарын сақтамай немесе рұқсатсыз көкпар ұйымдастырған тұлғалардың жауапкершілігін күшейту мәселесін қарастыруды ұсынды.
Еске сала кетсек, бұған дейін редакциямыз Ақмола облысында 14 жастағы бозбала көкпар ойынында аттан құлап, көз жұмғаны туралы жазған еді.