Арлан Жаңабай тартысқа толы қашықтықты 54 минут 43 секундта бағындырды
Қазақстандық триатлоншы Арлан Жаңабай Қытайда өткен Азия кубогінің кезеңінде қола медаль иегері атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Триатлоннан Қазақстан құрамасының өкілі Арлан Жаңабай Қытайдың Тайчжоу қаласында ұйымдастырылған Азия кубогі кезеңінде жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ол тартысқа толы қашықтықты 54 минут 43 секундта (54:43) бағындырып, мәре сызығын үшінші болып кесті.
«Отандық спортшының көрсеткен бұл нәтижесі оған Азия кубогінің тұғырынан көрінуге және беделді жарыстың қола жүлдесін қанжығалауға мүмкіндік берді», — делінген Ұлттық олимпиадалық комитеттің ресми хабарламасында.
Бұл сында алтын медальді 54:31 уақыт көрсеткішімен ресейлік спортшы Роман Минеев жеңіп алды. Ал жарыстың күміс жүлдесі мәреге 54:34 уақытымен екінші болып келген Қытай спортшысы Минсюй Лиге бұйырды.
Азия біріншілігінде бақ сынаған Қазақстан құрамасының өзге де мүшелері мәре сызығын төмендегідей нәтижелермен қиды: Аян Бейсенбаев 11-орынды (55:17), Максим Шмулич 26-нәтижені (56:13), ал Темірлан Теміров 28-орынды (56:35) иеленді.
ҰОК өкілдері отандық триатлоншылардың халықаралық аренада тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдау жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті.