Бүгін, 00:36
Спорт

ПСЖ қатарынан екінші рет Чемпиондар лигасын жеңіп алды

Финалда «Арсеналды» пенальти сериясында жеңген париждік клуб қатарынан екінші рет Чемпиондар лигасының кубогын иеленді

ПСЖ қатарынан екінші рет Чемпиондар лигасын жеңіп алды
Фото: istockphoto.com

Францияның Пари Сен-Жермен клубы 2025/26 жылғы УЕФА Чемпиондар лигасының финалында Англияның Арсенал командасын жеңіп, турнир жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Еуропаның басты клубтық турнирінің шешуші ойыны Пушкаш Арена стадионында өтті. Финалды 61 035 көрермен тамашалады.

Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталды. «Арсенал» сапынан германиялық шабуылшы Кай Хаверц 6-минутта есеп ашты. Ал «ПСЖ» 65-минутта франциялық форвард Усман Дембеленің дәл орындаған пенальтиі арқылы таразы басын теңестірді. Он бір метрлік айып добын грузиялық вингер Хвича Кварацхелия алып берген.

Қосымша уақыттағы жарты сағатта командалар гол соға алған жоқ. Одан кейінгі пенальти сериясында париждік клуб 4:3 есебімен басым түсті.

Лондондық клубтың испаниялық қақпашысы Давид Райя бір соққыны қайтарғанымен, англиялық вингер Эберечи Эзе мен бразилиялық қорғаушы Габриэл Магальяйнс өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады.

Осылайша, «Пари Сен-Жермен» қатарынан екінші рет Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды. Ал «Арсенал» бұл турнирді әлі бірде-бір рет жеңіп көрмеген. Лондондық клуб финалда екінші мәрте жеңіліс тапты.