Қазақстандық Анна Данилина Римдегі WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты

Автор: Алмас Ерсін

Екінші айналымда қазақстандық теннисші америкалық Эйжа Мұхаммадпен жұптасып, жігерлі жеңіске жетті

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Жұптық сындағы Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина Римде өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы топырақ төсенішіндегі турнирдегі сәтті өнерін жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстан теннис федерациясының сайтына сілтеме жасап.

Екінші айналым матчында қазақстандық теннисші америкалық Эйжа Мұхаммадпен бірге ерік-жігер танытып, жеңіске жетіп, Италия ашық чемпионатының ширек финалына жолдама алды.

Қазақстандық-америкалық жұптың қарсыластары ресейлік Ирина Хромачева мен мексикалық Джулиана Олмос болды.

Кездесу 1 сағат 47 минутқа созылды. Алғашқы сетте жеңілген Данилина мен Мұхаммад кейін ойын тізгінін қолға алып, шешуші тай-брейкте жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп – 3:6, 7:5, 10:7.

Матч барысында Анна мен Эйжа жеті брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды. Сондай-ақ олар үш рет қос қателік жіберді. Қарсыластары төрт қос қателікке жол берген.

Ширек финалдағы қарсыластары қалған кездесулердің қорытындысынан кейін анықталады.