05.05.2026, 21:03
Спорт

Қазақстандық Әсем Орынбай Алматыда өткен стенд атудан Әлем кубогі кезеңінде алтын жеңіп алды

Ерлер арасындағы бәсекеде қазақстандық мергендер финалға өте алмады

Қазақстандық Әсем Орынбай Алматыда өткен стенд атудан Әлем кубогі кезеңінде алтын жеңіп алды
Фото: olympic.kz

Қазақстандық спортшы Әсем Орынбай Алматыда өтіп жатқан стенд атудан Әлем кубогының екінші кезеңінде жеңімпаз атанды. Ол әйелдер арасындағы «скит» дисциплинасында алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жеңімпаз спортшыны арнайы құттықтаған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев оған арнайы «Аймаққа еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.

«Стенд атудан өтіп жатқан Әлем кубогінде мерген қарындасымыз Әсем Орынбай 36 мүмкіндіктің 33-інде нысанаға дөп тиіп, алтын жүлде иегері атанды. Бүгін жеңіс тұғырына көтерілген спортшымыздың мойнына алтын медаль тағу мәртебесі маған бұйырыпты. Сондай-ақ көк туымызды желбіреткен қарындасымызға спорттағы биік белестері мен өңіріміздің дамуына қосқан үлесі үшін «Аймаққа еңбегі үшін» төсбелгісін табыстадым. Бұл бәсеке — халықаралық атыс федерациясының (ISSF) кестесі бойынша рейтингті көтеруге және 2028 жылы АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алуға мүмкіндік беретін маңызды дода.иҚұралайды көзге атқан мерген қарындасымызды зор жетістігімен тағы да құттықтаймын. Көк туымызды желбіретіп, ел мерейін асқақтататын жеңімпаздарымыз көп болсын!» - деп жазды өңір басшысы.

Айта кетерлігі, финалда Орынбай 33 нысананы дәл көздеп, бірінші орынды иеленді және әлемдік рекордты қайталады. Күміс жүлде Қытай өкілі Цзян Итинге бұйырды (30 нысана), ал қола медальді италиялық Мартина Бартоломеи жеңіп алды (27).

Сондай-ақ финалда Анастасия Элефтериу (Кипр), Габриэла Родригес (Мексика), Нурлана Джафарова (Әзербайжан), Рим Әл-Шаршани (Катар) және Барбора Шумова (Чехия) өнер көрсетті.

Ерлер арасындағы бәсекеде қазақстандық мергендер финалға өте алмады. Ең үздік нәтиже көрсеткен Давид Почивалов 20-орынға тұрақтады.