25 сәуір күні кешке Әлем кубогінің ширек финалдық бәсекелері жалғасады
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтіп жатқан World Boxing Әлем кубогінде қазақстандық боксшылар сәтті өнер көрсетіп жатыр. Әзірге үш аруымыз бен екі ер спортшымыз жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бразилия шаршы алаңында Қазақстан әйелдер құрамасы керемет нәтиже көрсетті. Үш боксшымыз қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, кем дегенде «қола» жүлдені иеленіп отыр. Алуа Балқыбекова (51 кг) Ирландиялық Дайна Мурхаусты төрешілердің біріккен шешімімен жеңсе, Виктория Графеева (60 кг) Канадалық Мари Аль-Ахмадиеден басым түсті. Ал Аида Әбікеева (65 кг) Марокколық Дуа Закиге еш мүмкіндік қалдырмады.
Ерлер құрамасында нәтижелер әртүрлі болды. Диас Молжігітов (80 кг) англиялық Оладимеджи Шиттуды, ал Сұлтанбек Айбарұлы (85 кг) италиялық Паоло Карузоны қапы қалдырып, жартылай финалға өтті.
Өкінішке қарай, Даниял Сәбит (50 кг), Фарух Тоқтасынов (70 кг) және Санжарәлі Бегалиев (75 кг) өз кездесулерінде қарсыластарына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
25 сәуір күні кешке Әлем кубогінің ширек финалдық бәсекелері жалғасады. Шаршы алаңға тағы екі қазақстандық боксшы шығып, жүлдеге таласады.