«Бақытты отбасы»: «AMANAT» партиясы отбасы құндылығын ұлықтады
Жарыс Қаратал ауданында өтті
Жетісу облысы Қаратал ауданында «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Әкем – тірегім, анам – жүрегім» атты отбасылық спорт жарысы ұйымдастырылды. Ерекше іс-шара отбасы құндылығын дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Мұндағы басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау, жас буынды зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеу және отбасы институтының қоғамдағы маңызын арттыру. Осылайша, жарысқа 6 отбасы қатысып, ептілік пен шапшаңдықтың, ауызбіршілік пен өзара қолдаудың ерекше үлгісін көрсетті.
Сайыс барысында қатысушылар түрлі спорттық эстафеталарда бақ сынады. Бұл дода – тек жеңіс үшін күрес емес, отбасы мүшелерін жақындастырып, ортақ мақсатқа жұмылдыратын, татулық пен сыйластықты нығайтатын маңызды алаң.
Нәтижесінде, 1-орын – Бесейхан Әбіл, Әсел Жантабаева және Дамир Бейсенханұлы отбасына, ал 2-орын – Қайрат Жансейітов, Жанар Мамырова және Әлихан Қайратұлы отбасына бұйырды. Жүлделі 3-орынды – Асылбек Кенжебеков, Амина Сүлейменова және Аслан Асылбекұлы отбасы иеленді.
«Бұл жеңіс – отбасымыздың ауызбіршілігінің нәтижесі. Мұндай жарыстар татулығымызды бекемдеп, әрқайсымызға үлкен мотивация береді. Баламызбен бірге бір командада өнер көрсету – біз үшін ең үлкен қуаныш. Осындай игі бастамаларды ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз», – деді Бесейхан Әбіл.
Жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болып, барлық қатысушыға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.