Қазақстан футбол федерациясы журналист Ермұхамед Мәуленді сотқа берді
Мәуленнің өзі бұл жағдайға сабырмен қарайтынын айтты
Қазақстандық спорт журналисі әрі комментатор Ермұхамед Мәулен Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) өзіне қатысты сотқа жүгінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы ол YouTube-тағы «Бірінші бол» арнасына берген сұхбатында айтты.
Журналистің сөзінше, жуырда оны полиция басқармасына шақырып, ҚФФ тарапынан түскен шағыммен таныстырған. Қазір бұл іс бойынша алдын ала тексеру жүргізіліп жатыр.
«Мені полицияға шақырды. Сөйтсем, ҚФФ маған қатысты шағым түсіріп, сотқа жүгінген екен. Тергеушімен кездестім, оның сұрақтарына жауап бердім», – деді Ермұхамед Мәулен.
Даудың туындауына журналистің айтқан сөздері немесе жариялаған материалдары себеп болуы мүмкін. Қазір оның айтуынша, арнайы филологиялық сараптама тағайындалған. Ол сараптама оның сөздерінде ар-намысқа тиетін тұстар немесе заң бұзушылық бар-жоғын анықтауы тиіс.
Мәуленнің өзі бұл жағдайға байыппен қарап отырғанын және егер қателігі дәлелденсе, оны мойындауға дайын екенін жеткізді.
«Қазір филологиялық сараптама жүріп жатыр. Егер менің сөздерім біреуге ауыр тиген болса, кешірім сұрауға дайынмын», – деп атап өтті ол.