Қазақстандық дзюдошы Аустриядағы Гран-при турнирінде алтын алды
Ол 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді
Аустрияның Линц қаласында өтіп жатқан дзюдодан халықаралық Гран-при турнирінде Қазақстан қоржынына алтын медаль түсті. Отандасымыз Әділет Алмат 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, жарыс жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
81 келі салмақта бақ сынаған Әділет Алмат турнир барысында бірнеше тартысты кездесу өткізді. Шешуші финалдық кезеңде ол әзербайжандық балуан Вусал Галандарзадемен бетпе-бет келді.
Қарқынды өткен белдесу қорытындысы бойынша қазақстандық дзюдошы жеңіске жетіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.
Қазіргі уақытта Линцтегі турнирде Қазақстан құрамасының еншісінде екі медаль бар. Бұған дейін жеңіл салмақта (60 келіге дейін) Шерзод Давлатов қола жүлдені иеленген болатын.