Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы 2026 жылғы жарыстарға дайындықты бастады
Басты назар – Азия ойындары, дейді бапкер
Қазақстан ерлер құрамасы 2026 жылғы басты халықаралық додаларға дайындықты бастап кетті. Ұлттық құраманың бас бапкері Нұржан Насанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жуырда өткен Странджа кубогының қорытындысын шығарып, командадағы өзгерістер мен алдағы жоспарлар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, Странджа турнирінде қазақстандық боксшылар бір алтын және бір күміс медаль жеңіп алды. Бас бапкер бұл жарысқа негізінен екінші және үшінші құрам спортшылары қатысқанын атап өтті. Оның айтуынша, турнир командадағы әлсіз тұстарды анықтап, нақты қай бағытта жұмыс істеу керектігін көрсетті.
Мәселен, 65 келі салмақта үш боксшы сыналды. 60 келіде Бейбарыс Жексен мен Руслан Күзеубаевқа мүмкіндік берілгенімен, олар жүлдеге жете алмады. Ауыр салмақта да белгілі бір мәселелер бар екені байқалған. 80 келіде Санжарәлі Бегалиев бақ сынағанымен, жарысты жүлдесіз аяқтады. Енді бұл салмақ дәрежелері бойынша шешім бапкерлер штабы мен федерацияның бірлескен талқылауынан кейін қабылданбақ.
Сонымен қатар бас бапкер негізгі құрамға қосылуы мүмкін жас спортшылар бар екенін айтты. Олармен жүйелі жұмыс жалғасады. Странджа турнирі боксшылар үшін тәжірибе алаңы болды: олар әлем және Олимпиада ойындарында қарсылас болуы мүмкін спортшылардың деңгейін бағамдап көрді.
Биылғы маусымдағы басты мақсат — Азия чемпионаты мен Азия ойындары. Құрама циклдік жүйе бойынша дайындалуда. Әр цикл екі оқу-жаттығу жиынынан және бір жарыстан тұрады. Алғашқы жиын «Алма-Тау» базасында өтсе, кейінгі кезең Испанияда жалғасты.
Қазір бірінші нөмірлі боксшылар Алматыда жаттығу жасап жатыр. 12 наурызда екінші дайындық кезеңі басталады. Азия чемпионатынан кейін құрама Азия ойындарына дейін тағы бірнеше дайындық циклін өткізеді. Сондай-ақ АҚШ-та оқу-жаттығу жиындары жоспарланған. Соңғы кезең Жапонияда ұйымдастырылмақ.
Осылайша, ұлттық құрама алдағы басты сындарға жүйелі әрі кезең-кезеңімен дайындалуда.