Олимпиада-2026: 15 ақпанда қай спортшылар бақ сынайды
Олар төрт спорт түрінен жарысқа шығады
Италияда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарының кезекті жарыс күнінде қазақстандық жанкүйерлер төрт спорт түрінен жерлестерімізге қолдау көрсетеді. 15 ақпанда Милан мен Кортина-д’Ампеццо жолдарында 9 медаль жиынтығы сарапқа салынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кімдер жарыс жолына шығады?
Бүгін Қазақстан намысын тау шаңғысы, фристайл, биатлон және конькимен жүгіруден бес спортшы қорғайды.
Тау шаңғысы: Сағат 14:00-де (бірінші айналым) Олимпиада дебютанты Александра Скороходова жарыс жолына шығады. Ол бұған дейін супералыпта 25-орын алып, мамандардың назарына іліккен еді.
Фристайл: Сағат 14:30-да тәжірибелі могулшы Павел Колмаков өнер көрсетеді. Бұл оның төртінші Олимпиадасы.
Биатлон: Сағат 15:15-те Владислав Киреев 12,5 шақырымдық қашықтыққа аттанады. Ол спринтте 51-орын алып, үздік 60 спортшының қатарына ену арқылы осы кезеңге жолдама алған еді.
Конькимен жүгіру (500 метр): Кешкі сағат 21:00-де спринт шеберлері Кристина Силаева мен Арина Ильященко мұз айдынына шығады.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы Олимпиада 22 ақпанға дейін жалғасады. Қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жеңіп алған тарихи алтын медаль бар.