2026 жылғы қысқы Олимпиадаға Қазақстан құрамасы 36 спортшымен қатысып отыр
Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының алғашқы жарыс күнінде, 7 ақпанда, Қазақстан атынан бес спортшы сынға түседі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Sportarena.kz дерегіне сәйкес, қазақстандықтардың алғашқы жарысы шаңғы спортынан басталады. Олимпиадалық шаңғы жолға Надежда Степашкина, Дарья Ряжко және Ксения Шалыгина шығып, 20 шақырымдық скиатлонда өнер көрсетеді. Бұл қашықтықтың 10 шақырымы классикалық әдіспен, ал қалған 10 шақырымы еркін стильде жүруді қамтиды. Жарыс Қазақстан уақытымен 17:00-де басталады.
Кешкі бағдарламада Надежда Морозова мен Елизавета Голубева Қазақстан құрамасы атынан конькимен жүгіру спортынан 3000 метрге жарысады. Бұл бәсеке 20:00-де өтеді.
Жалпы, 2026 жылғы қысқы Олимпиадаға Қазақстан құрамасы 36 спортшымен қатысып отыр. Олар шаңғы жарысы, конькимен жүгіру, биатлон, шорт-трек, фристайл, мәнерлеп сырғанау және өзге де қысқы спорт түрлері бойынша медаль үшін таласады. Олимпиада ойындары 6–22 ақпан аралығында өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін 6 ақпанда Қазақстан құрамасы ХХV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқан еді.