$ 494.63  583.22  6.42
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.02.2026, 15:21
Спорт

Милан Олимпиадасы: қазақстандықтар салтанатты ашылу рәсімін қайдан тамашалай алады

Мемлекеттік туды Денис Никиша мен Аяулым Әміренова ұстап шығады

Милан Олимпиадасы: қазақстандықтар салтанатты ашылу рәсімін қайдан тамашалай алады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Италияның Милан қаласындағы «Сан-Сиро» стадионында XXV қысқы Олимпиада ойындары салтанатты түрде ашылады. Туризм және спорт министрлігі қазақстандықтар қысқы ойындардың ашылу рәсімін қай телеарналардан көре алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олимпиаданың ашылуы рәсімі Астана уақытымен сағат 23:55-де басталады.

«Бәсекенің тұсаукесер кешін еліміздің 4 телеарнасы – Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly тікелей эфирде көрсетеді. Ұлттық құрамалар шеруінде Мемлекеттік туды Денис Никиша (шорт-трек) мен Аяулым Әмренова (фристайл-могул) ұстап шығады», - делінген хабарламада.

ТСМ ақпаратынша, ойындардың ашылу рәсімі 4 локацияда қатар өтеді. Денис Милан қаласында, ал Аяулым шаңғы жарыстары өтетін Ливиньо коммунасындағы рәсімде болады. Салтанатты кештің тақырыбы Armonia (итальян тілінен аударғанда «гармония», «үйлесім») деп аталады.

Сондай-ақ биыл Олимпиада алауы алғаш рет 2 жерде – Миландағы салтанат қақпасы мен Кортина-д’Ампеццодағы Пьяцца Ди-бона алаңында тұтанады.

Милан-Кортина Олимпиадасында ел намысын 10 дисциплинада барлығы 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) қорғайды. Ал қысқы Олимпиада ойындарына жалпы 93 мемлекеттен 3000-ға жуық атлет қатыспақ. Олар 16 бағдарламада 116 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Олимпиада 22 ақпанда мәресіне жетеді. Ұлттық құрама спортшылары қатысатын барлық сайысты Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly тікелей эфирде көрсетеді, деп атап өтті министрлік.