Президент шахматшыны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны шахматтың блиц түрінен әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы және майталман шебер ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енді. Қазақстандық шахмат қауымдастығы мемлекетіміздің көк туын жаһандық аренада биік желбіреткен отандасымыздың жеңісін мақтан тұтады.
Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым, – делінген құттықтауда.
Бибісара Асаубаева блицтен үш дүркін әлем чемпионы атанды. Финалда қазақстандық шахматшы украиналық Анна Музычукты төртінші – соңғы партияда жеңді. Алдыңғы үш партия тең аяқталды.
Турнир Қатар астанасы Дохада өтті. Асаубаева алдымен швейцариялық жүйе бойынша өткен турнирде жеңіске жетті – 15 турдың қорытындысы бойынша ол жартылай финалға бірінші орынмен шықты.