«Жалған статистика, ПТР-тест лоббиі және дәрі тапшылығы»: мамандар елдегі эпидемиологиялық жағдайға баға берді
Дәрігерлер мен ғалымдар Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын қатаң сынға алды
Қауіпті вирусты Қазақстанда жұқтырғандар саны ресми статистикадан әлдеқайда көп дейді медицина саласын зерттеп жүрген ғалымдар. Ал сырғып өтіп жатқан уақыттың әр минуты халыққа қарсы жұмыс істеп жатыр. Себебі, жағдай бақылаудан шығып, вирус жұқтырғандар саны сәт сайын көбеюде.
Қазір әрбір адам өзінің сау немесе ауру екеніне күмәнмен қарайтын деңгейге жеткен. Маусымның соңғы күніндегі дерек бойынша елімізде коронавирусты 40 мыңдай адам жұқтырса, індеттен 188 азамат қайтыс болды. Алайда, дәрігерлер вирусты жұқтырған адам саны шындығында, 170 мыңға дейін жетті деп санайды. Тоқтаусыз тарап жатқан тұмауды тұсаудың жолы мен нақты деректі Azattyq Rýhy тілшісі анықтап көруге тырысты.
«КОРОНАВИРСУПЕН КҮРЕСУДЕ ДСМ ЖҰМЫСЫНА МИНУС 2 ДЕГЕН БАҒА БЕРЕМІН...»
Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын минус 2 деп бағалайтын маманның бірі – медицина ғылымдарының кандидаты, невролог-дәрігер Қайырғали Көнеев. Сарапшының сөзінше, министрлік жағдайды бақылаудан шығарып алған. Әрі ПТР-тесттің бағасын негізсіз қымбаттатып, сынама тапсыруға мүмкіндігі бар зертханаларға рұқсат бермей отыр.
«Қазір 1 минут та уақыт жоқ. Жағдай қиын. Билік халықпен бірігіп жұмыс істеуі керек. Денсаулық сақтау министрлігінің алдыңғы әрекеттері «біз ақылдымыз, басқаларың топассыңдар, біз қалай айтамыз, солай істеңдер» деген сарында болды. Ал ол жағдайды тығырыққа тіреді. Төтенше жағдай енгізілгеннен бастап халық министрлікті мүлдем тыңдаған жоқ. Енді қатаң карантин режимін енгізуден де түк шықпайды. Бұған дейінгі еңбектің бәрі далаға кетті. Жағдайды зерттегенде, шынайы қарағанда коронавирусты тұншықтыруға болар еді. Олар жағдайды жасыру үшін тестілеуді де тежеді. Істі шынайы бағамдап, бақылау үшін тәуелсіз сарапшыларды, тәуелсіз санитарлық аудиторларды араластырып, тәжірибелі мамандарды тыңдау керек еді. ДСМ-нің осы уақытқа дейін жасаған жұмысын 1-5 балл аралығында бағаласам, министрлікке минус екі деген баға қояр едім. Халық қазір қараусыз қалды», - деді невролог-дәрігер Қайырғали Көнеев.
Суретте: Қайырғали Көнеев
«ПТР-ТЕСТТІҢ ШЫНАЙЫ БАҒАСЫ 2500 ТЕҢГЕДЕН АСПАЙДЫ...»
Дәрігердің сөзінше, COVID-19 вирусын анықтаудағы 9500-18 000 теңге аралындағы ақылы тесттің құны өте қымбат. Маман коронавирусты анықтайтын сынаманың құны ары кетсе, 2,5 мың теңгеден аспайтынын айтады. Тіпті, Қазақстанның тестілеуді тегін ұйымдастыратын да жағдайы жоқ емес. Әрі халықтың есебінен медициналық сақтандыру қорына түсіп жатқан миллиардтар тағы бар. Алайда, баға шарықтап, тегін тестілеу тежеліп жатыр. Оның үстіне, министрлік адамдардан ПТР-тест алуды тек тек санаулы зертханаларға ғана тапсырған. Сынама алып үлгере алмай жатса да, басқа зертханаларға рұқсат берілмеді. Дәрігер-маман мұның лобби, монополия болуы мүмкін екенін айтты.
«ПТР-сынамаларын 1 мың теңгеге де жасауға болады, алайда, оның сапасы нашар. Сапалының бағасы 2000-2500 теңгеден аспайды. Қазіргі бағамен халықты тонап жатыр. Қымбат құн, әрі сынама дер кезінде анықталмағандықтан, қазір екінің бірі пневмония. Яғни, пневмонияның асқынған түрі – COVID-19. Коронавируске сынама халыққа толықтай тегін болу керек. Кем дегенде, әлеуметтік аз қамтылған топтарды неге жаппай тексермеске? Медициналық сақтандыруға аударылған ақша қоғамдық скринингке, қазіргідей аса қиын сәтте жұмсалмағанда, қашан жұмсалады? Тестілеу-емдеу құқығын басқа клиникалар мен зертханаларға да беру керек. Зерттеу жасауға, емдеуге шамасы жететін медициналық мекемелер көп. Алайда, ДСМ бұны монополия ретінде лоббиға айналдырып жатыр. Өзге клиникалардың емдеуіне рұқсат жоқ. ПТР-тест жасай алатын мекемелер көп», - деді «Альта» медициналық орталығының дәрігері.
Мамандардың сөзінше, вируспен күресіп жүрген дәрігерлердің 30 пайызы ауру жұқтырып үлгерген. Сарапшылар дәріханалардағы дәрілер мен дәрігерлердің тапшылығын өткен ғасырдың 90 жылдарындағы тоқырау кезеңімен салыстырды.
«ШЫНДЫҒЫНДА, КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАР САНЫ 150-200 МЫҢ АДАМҒА ЖЕТТІ...»
«Ауруханаларда төсек-орынның тапшылығынан науқастардың көбі үйінде емделуге мәжбүр. Үйге дәрігер шақырғанымен, оған баратын маман тағы тапшы. Бәрін қамтып үлгере алмай жатырмыз. Қазір дәрігерлердің, медқызметкерлердің көбі вирус жұқтырып, өздері де ауырып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, науқастарды емдейтін маман қалмауы мүмкін. Сондықтан, карантин енгізу керек. Кеше Денсаулық сақтау министрі айтқан болжамдар аспаннан алынған жоқ, індетті тоқтатпасақ, жағдай одан да қиын болуы мүмкін», - дейді Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі Ахметжан Сүгірәлиев.
Жаңадан тағайындалған министр Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық ахуал үш түрлі сценаримен өрбуі мүмкін екенін айтты.
Бірінші: Қазақстан карантин енгізбейді. Елде тәулігіне вирус жұқтырған, ауруханаға жатқызуды қажет ететін шамамен, 27 мың адам тіркеледі. Оларды ауруханаға жатқызу үшін 300 мың төсек-орын керек.
Екінші: 2 аптаға ұлттық локдаун енгізіледі. Бұл жағдайда күніне коронавирус жұқтыру дерегі 7 мыңға дейін жетеді. Ауруханаларға 80 мың төсек-орын қажет болады.
Үшінші: 4 аптаға локдаун енгізіледі. Күнделікті жаңа пациенттер саны 2,5 мың болады. Ауруханаларда 30 мың төсек-орын қажеттілігі туындайды.
27 мың адам вирус жұқтырады дегенді естіген халықтың зәре-құты қалмады десек, артық айта қоймаспыз. Өйткені, қазір симптомсыздармен қоса есептегенде, тәулігіне шамамен, 1,5 мың адам тіркеліп жатыр. Ал, наурыз айында экс-министр Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны жалпы алғанда 3,5 мың адамды құрайды деп болжам жасаған еді. Қазір бұл цифр он есеге артты. ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Мыңжылқы Бердіхожаев ресми статистикаға сенбейтінін айтады. Оның пікірінше, вирус жұқтырғандар саны әлдеқайда көп.
«Біртановтың қоластында жұмыс істеген сарапшылардың орындарында қалғанын ескерсек, бұл сандарды екі-үш есеге көбейтуге болады. Егер ол 27 мың адам инфекция жұқтырды деп айтса, онда кемі 54 мың адам деген сөз. Өйткен, олар ПТР-тестілеуімен расталған жағдайларды ғана қабылдайды. Сенімді түрде айта аламын, менің бөлімімде бірнеше қызметкер ауырды, бірақ ПТР теріс нәтиже көрсетті. Алайда, компьютерлік томография кезінде екі жақты пневмония анықталды. Сондықтан, статистика сенімсіз болуы мүмкін. Компьютерлік томография бойынша расталған жағдайлар коронавирусқа жата ма, жоқ па? Егер ПТР-тест растаған жағдайлар ғана есептелсе, онда бұл сенімсіз. Себебі, Алматыда соңғы апта ішінде ПТР-сынамалары жүргізілмеді. Осы уақыт ішінде біз қанша адамның коронавирустан өлгенін білмейміз. Инфекция статистикасы жазылған сайт адамдарды адастырады. Егер бұл көрсеткіш 100 немесе 200 мың болса, бәлкім адамдар басқаша қабылдар ма еді? Жұқтырғандар көбірек деп сенімді түрде айта аламыз», - деді Мыңжылқы Бердіқожаев.
Суретте: Мыңжылқы Бердіқожаев
Ал, Қайырғали Көнеев қатаң карантин емес, ақылды карантин режимін енгізу керек деген пікірде.
«Ауырғандар саны көп. Көбі зерттеме жасатпай-ақ, үйде бір немесе екі апта жатып емделді. Өз бетімен емделген адамдар қазір өте көп. Бұл адамдар ресми статистикаға кірмеген. Сондықтан мен симптомды, сиптомсыз ауырған адамдардың санын 150-170 мыңға жетті деп санаймын. Коронавирус емін-еркін тарап кетті. Қазір ең бірінші, дәрілерді жеткізуді жолға қою керек. Содан соң үй жағдайында емдеуді де қарастырып, коронавирусқа тест сынамасын өткізуді түгелдей тегін жасау қажет. Қатал карантин режимі емес, «ақылды» карантин жолын жасамаса, қазір түнекке кіріп барамыз. Ең ұзақ әрі тиімді жол – ұжымдық иммунитетті қалыптастыру», - дейді Қайырғали Көнеев.
КОРОНАВИРУСТЫ САЯСАТ ДЕГЕНДЕР ДЕ АУЫРЫП ЖАТЫР
М. Бердіқожаев проблеманы тек бір ғана карантинмен шеше алмаймыз дейді. Шұғыл түрде сөрелерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажет. Ауырмаса да дәрі ішу барып тұрған ақымақтық дейді ол. Өйткені антибиотиктерден кейін де адам науқастанып қалса, әлгі дәрілер ағзаны қайта емдей алмайды. Алайда, халыққа түсінікті ақпарат бермегендіктен, жұрт жаппай ауруханаларды «тонап» жатыр.
«Негізгі іс-шаралар қазірдің өзінде ауырып жатқан адамдарға бағытталуы қажет. Халық медицина және мемлекет тарапынан да қолдау көріп жатқан жоқ. Өйткені, барлық дәріханалар босап қалған соң ғана парацетамол мен өзге де дәрілерді сатуға шектеулер енгізілді. Бұл тоқсаныншы жылдарды еске түсіріп отыр, ол кезде дәрі-дәрмек белгілі мөлшерде ғана сатылатын. Ал, ең үлкен қателік – адамдар антибиотиктерді оңды-солды қолдана бастады. Басында жағдайды бағаламаған ел қазір қорқып жатыр. Жұрттың бойын үрей биледі. Ауырмаса да, алдын аламыз деп дәрілерді іше берген. Енді мұқтаж адамдарға дәрі жетпей жатыр», - деді Мыңжылқы Бердіқожаев.
Дәрілердің дефициті, тест тапшылығы, ауруханаларда төсек-орынның жетіспеушілігі және халықтың санитарлық талапқа мән бермеуі жалғаса берсе, адам шығыны бірнеше есеге өсуі мүмкін деп санайды мамандар. COVID-19 бен пневмонияның белгілері ұқсас. Қайырғали Көнеевтің пікірінше, коронавирус өкпеге өтіп кеткендіктен, оны коронавирус демей, жай пневмония деп жариялап жатыр. Мамандар карантин енгізуде алғашқы нұсқа қайталанбауы тиіс деп санайды. Адамдарды үйге тағы «қамаса», Үкімет 42 500 теңгені бере алмайды. Экономистер жұмыстан қысқарту мен ақысыз демалысқа жіберудің де мәні жоқ деп санайды. Кәсіпкерлер мәжбүрлі демалыс үшін жұмысшыларына ақы төлеуге дайын емес.
«Мемлекет бұдан былай 42 500 төлем жасамайды, ақы төлеу жұмыс берушінің міндеті. Бұл Үкіметтің бұдан былай көмектеспейтіні туралы нақты сигнал. Бірақ бүкіл экономика тоқтап қалмайды. Дүкенге барып, бар азық-түлікті сатып алудың қажеті жоқ, тауарлар ағыны үздіксіз жалғаса бермек. Бірақ, ақшаны ойын-сауық, дәмханаларға жұмсамай, үнемдеуге кеңес берер ем», - дейді экономист Арман Бейсембаев.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы