«Бизнеске әсер етпейді»: жұмыс беруші қандай жағдайда заң бұзды деп есептеледі
Қызметкер күнделікті кесте бойынша өз міндетін атқарса, жұмыс беруші келісім орнатуға мінддеті болмақ
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов келісімсіз жұмыс істейтін қызметкерлердің құқығын қорғау, төлемдерін аудару бизнеске қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжілістің бірінші оқылымында «Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері» туралы заңның жобасы мақұлданды. Ол бойынша еңбе шартының кем дегенде бір тетігі анықталса, жұмыс беруші ресми келісімшарт орнатуы керек. Осы орайда депутат бұл бизнеске қалай әсер ететінін айтты.
«Бұл бизнеске ешқандай әсер етпейді. Өйткені егер азамат белгілі бір еңбек қатынастарында болып, тұрақты жұмыс істеп жүрсе, оның міндетті түрде еңбек шарты болуы керек. Мысалы, мұғалім болып жұмыс істесе мектеппен, оқытушы болса университетпен еңбек шарты болуы тиіс», – деді Асхат Аймағамбетов Мәжілістегі брифингте.
Оның айтуынша, егер адам күнде жұмысқа барып, өз міндеттерін атқарып жүрсе, бірақ еңбек шарты жасалмаса, бұл заң бұзу деп саналады.
«Біз өз мұғалімдерімізді, оқытушыларымызды, дәрігерлерімізді, қарапайым жұмыскерлерімізді қорғауымыз керек. Себебі адам АҚШ (азаматтық-құқықтық шарт) арқылы жұмыс істесе, онда зейнетақы қорына жарналар түспейді, МӘМС арқылы медициналық қызмет ала алмайды, оны кез келген уақытта жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін. Сондай-ақ ол екіқабат болып, декреттік демалысқа шыққысы келсе, әлеуметтік кепілдіктерге ие болмайды. Ерекше күтімді қажет ететін балалары болса да, заңда қарастырылған жеңілдіктерді ала алмайды», – деді ол.
Депутат сондықтан еңбек шарты қарапайым азаматтарымызды және жұмыскерлерді қорғаудың маңызды тетігі дейді.