Ұлдана есін жимастан бүгін ауруханада көз жұмды
Астанада үстіне кондиционер құлап кеткен жас фельдшер Ұлдана Мырзуан ауруханада көз жұмды. Денсаулық сақтау министрі оның жақындарына көңіл айтып, Ұлдана туралы жазба жариялаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің атынан және жеке өз атымнан өз кәсіби борышын атқару кезінде қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. 8 қараша күні кезекті қызметтік шақырту кезінде Астанадағы тұрғын үй кешенінде ғимараттың қаптамасының бір бөлігі құлады. Өзіне төнген өлім қаупіне қарамастан, Ұлдана екі зардап шеккен адамға көмек көрсетіп, олардың өмірін сақтап қалды. Ол соңғы уақытқа дейін адамдарға көмектесу мақсатына адал болды. Оның іс-әрекеті нағыз кәсіби батырлықтың, қайсарлықтың және жоғары адамгершілік жауапкершіліктің үлгісі», - дейді Әлназарова.
Небары 23-тегі Ұлдана бұл салаға бес жылын арнаған еді.
«Өмірінің бес жылын медицина саласына арнады, жақында ғана тұрмысқа шығып, болашаққа жоспарлар құрған еді. Бұл қаза тек оның туыстары үшін ғана емес, бүкіл медициналық қауымдастық, әріптестері және елорда тұрғындары үшін де үлкен қайғы. Өзгенің өмірі мен денсаулығын бәрінен жоғары қойған Ұлдана Мырзуанның жарқын бейнесі қайсар да мейірімді жан ретінде біздің жүрегімізде мәңгі сақталады», - деп жазды Әлназарова.
Айта кетейік, 8 қараша күні Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан тұрғын үйдің кірпіш қасбеті мен кондиционері опырылып түсіп, бес адам зардап шеккен еді. Жарақат алғандар арасында жедел жәрдем қызметінің фельдшері Ұлдана Мырзуана да болған. Ол оқиға орнында зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде үстіне екінші қабаттағы кондиционер құлап кеткен.