$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.06.2020, 13:39
Қоғам

Күлгін түсті Көбейтұзды 49 жылға жалға беру үшін конкурс жарияланды

Күлгін түсті Көбейтұз орналасқан ауданның бюджеті – 2 млрд теңге, бірақ көлге баратын инфрақұрылым жоқ

Күлгін түсті Көбейтұзды 49 жылға жалға беру үшін конкурс жарияланды

Ақмола облысы Ерейментау ауданына қарасты Көбейтұз атты көл қазір қазақстандықтардың, әсіресе, солтүстікқазақстандықтардың арасында, тіпті, Ресей туристерінің арасында танымал болып келеді. Оған дәлел – биыл карантинге қарамастан, туристік фирмалар арнайы Нұр-Сұлтан – Көбейтұз бағытында маршурт ашып, елордадан 6000 теңгеге күлгін түсті көлді көрсетуге дайын отыр. Ондай хабарламалар интернетте, әлеуметтік желілерде көп. 

Көлдің күлгін түске боялуының, себебі әрине, бұған дейін де көп жазылған. Әлем бойынша «қызғылт түсті» ерекше оншақты көлдің бірі сияқты, Көбейтұздың астына да «Дуналиелла» бактериясы жиналып, ерекше түс береді. Көлдің суы  өте тұзды. Көбейтұз бірнеше жылда бір рет күлгін түс жамылады. Биыл сондай сәтті пайдаланып, табиғаттың ерекше құбылысына куә болатын кез.

ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ КӨБЕЙТҰЗДЫ ЕНДІ ТАНЫМАҚ

Көбейтұздың емдік қасиеті, басқа да табиғи ерекшелігі және көлге қалай, қанша сағат жүріп баруға болатыны туралы көп жазылып жүр. «Азаттық рухы» тілшісі ерекше көлдің облыстық деңгейде қаншалықты туристік нысан болып танылғаны, оны дамытып, қорғау үшін бюджеттен қанша қаражат бөлінгені, туристер арасында инвестиция салуға қызыққандар болған-болмағаны жайлы мәселелерді көтеріп көрген еді.

Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сұрау салған соң, бізге «Visit Aqmola» туристік ақпараттық орталығының менеджері хабарласып, Көбейтұздың перспективасы туралы айтты. Жайнагүл Қаппасованың айтуынша, көлдің айналасында мүлдем инфрақұрылым жоқ және әзірге көлді туристік нысан ретінде дамыту үшін инвестиция тартылмаған.

«Жалпы, әзірге көлге инвестиция салынып жатқан жоқ. Себебі, Көбейтұз бірнеше жылда бір рет күлгін түске боялатын көл. Біздің білуімізше, көл алдыңғы жылы күлгін түске боялды. Биыл тағы да қызғылттанады деп күтпеген едік. Өйткені, бұған дейін көлдің неше жылда бір рет боялатыны туралы ғалымдармен сөйлесіп, биыл түсі өзгермейді деген болжамда отырдық. Бірақ, биыл әдемі түске боялған соң, барамын деген азаматтарға Ақмола облысының туристік ақпараттық орталығы көлге қалай жетуге болатыны, оның қандай пайдасы барын айтып, ақпараттандырып отырмыз», - дейді Қаппасова.

Көбейтұзға сұраныс артқан соң, орталықтың жауапты қызметкерлері маусым айының соңында арнайы экспедиция жасап, оны видеоға түсіріп, әкімнің алдында презентация жасауға дайындалып жатыр екен.

«Ол жақта туристік маршурттарды дамыту үшін салынып жатқан инфрақұрлыым жоқ. Осы айдың соңына дейін  Көбейтұзға барып, видеоға түсіріп, ақпарат жинаймыз. Соның негізінде облыс әкіміне көлді таныстырамыз. Облыс әкіміне көлдің перспективасы, туристер үшін нысанның қаншалықты қызықты екенін айтамыз.  Облыс әкімі қолдай ма, жоқ па,  таныстырылым өткеннен кейін ғана білеміз», - дейді Жайнагүл Қаппасова.

ОБЛЫС ЕКІ ЖЫЛДА ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ҮШІН 140 МЛН ТЕҢГЕ ЖҰМСАЙДЫ

Ақмола облысының мәслихаты 2020-22 жылдарға арналған облыстық бюджетті бекіте отырып, облыстық туризм басқармасына 141 млн 245 мың теңге бекіткен. Соның ішінде, жергілікті деңгейде туризм саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтерге 60 млн, туристік қызметті реттеуге 68 млн теңге қарастыруда. Ал, Көбейтұз орналасқан Ерейментау ауданының екі жылғы бюджеті 2 млрд 806 мың 938 теңге бюджетке ие болып отыр.

ҚОРЖЫНКӨЛ МЕН КӨБЕЙТҰЗДЫ ЖАЛҒА БЕРУ ҮШІН КОНКУРС ЖАРИЯЛАНДЫ

Ал бірнеше күн бұрын, дәлірек айтсақ, 2020 жылдың 25 маусымында Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы су объектiлерiн оқшау немесе бiрлесiп пайдалануға беру жөнiнде конкурс жариялады.

Конкурсқа Көбейтұз және Қоржынкөл қойылған. Екеуі де Ерейментау ауданында орналасқан көлдер. Басқарма екі көлді де рекреациялық мақсатта пайдалану үшін 49 жылға жалға бермек. Әдетте, рекреациялық мақсатта пайдаланылатын жерлерде туризм мен сауықтыру дамиды және ондай мақсаттағы жерлерді пайдаланудың заң бойынша нақты бағыты анықталады. Конкусқа құжат ұсыну 27 шілде күні аяқталады. Конкурс нәтижесі шығып, жеңімпаз анықталған соң, Аzattyq ruhy  Көбейтұз бен Қоржынкөлді кімнің жалға алғаны және оны жалға алу құны қанша екенін жазады.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары