Тоқаев ауыл шаруашылығында мигранттардың квотасы көбеюі мүмкін екенін айтты
Оның айтуынша, шаруалар арасынан осындай ұсыныстар түзіп жатыр
Бүгін Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы саладағы еңбек мигранттарының квотасын көбейтуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Соңғы кездері ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерден жұмыс күші жетіспейтіні жөнінде көп өтініш түсіп жатыр. Бұл түйткіл, әсіресе, егін егу, жиын-терін науқанында, өндірісті кеңейту немесе жаңа нысандар құрылысы кезінде қатты сезіледі. Маман тапшылығы көршілес елдерден келетін еңбек мигранттары есебінен ішінара шешіледі. Шаруалар квотаны көбейтуді сұрайды. Олардың талабын ішінара орындауға болатын шығар», - деді Тоқаев форумда.
Дегенмен, президент бұл «өзі бір қызық жағдай екенін, бірі ауылда жұмыс жоқ десе, енді бірі жұмысшы жетіспейді деп шағымданатынын» айтты.
«Әрине, жұмыс бар, бірақ онымен шұғылданатын адам аз. Мұны мойындау керек», - деді Тоқаев.