Анкарада қаза тапқан түрік әскерилерімен қоштасу рәсімі ұйымдастырылды
Грузиядағы апаттан қаза тапқан Түркияның C-130 ұшағының әскери қызметкерлерін жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түркияның Грузия мен Әзербайжан шекарасы маңында апатқа ұшыраған C-130 әскери-транспорттық ұшағының экипажы мен әскери қызметкерлерін жерлеу рәсімі бүгін өтті.
Шараға марқұмдардың туыстары мен жақындары, мемлекеттік өкілдер, сондай-ақ Түркия Қарулы күштерінің жоғары командованиесі қатысты. Қоштасу рәсімінен кейін қаза тапқан 19 адамның денесі әскерилердің туған өңірлеріне жіберіледі.
Тек ұшақ командирі Гөкхан Горхмаз ертең Ыстамбул қаласында жерленеді.
Еске сала кетейік, 11 қараша күні Түркия ӘӘК-не тиесілі C-130 әскери-транспорттық ұшағы Гянджа әуежайынан ұшқаннан кейін 27 минут өткен соң Грузия аумағында апатқа ұшырады.Ұшақ бортында болған 20 адамның барлығы, оның ішінде экипаж мүшелері, көз жұмды.Бұл апат Түркияда үлкен қайғы тудырды. Мемлекеттік деңгейде аза тұту шаралары өтіп, әскерилердің ерлігі мен қызметіне құрмет көрсетілді.