Қазақстанда мектеп оқушыларына смартфон ұстауға тыйым салына ма

Автор: Нұргүл Абай

Аймағамбетов телефонға тыйым салған алдыңғы қатарлы мектептер бұл шешімнің оң нәтижесін көріп отыр дейді

Фото: istockphoto.com

Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан Цифрлық кодекс жобасында оқушыларға мектепте телефон ұстауға тыйым салу туралы норма жоқ. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов Үкіметтің мектепте смартфон қолдануға қатысты мемлекеттік ұстанымы туралы сұрақ қойды.

«Англия, Нидерланды және әлемнің 40 пайыздан астам мемлекеті осындай шешім қабылдаған. Бізде Қазақстанда Назарбаев зияткерлік мектебі, Білім-инновация мектептері және де алдыңғы қатарлы озық мектептер осындай шешім қабылдап, қазір мектепте телефон ұстауға тыйым салды. Нәтижелер өте оң, оны көріп отырмыз. Балалар бір-бірімен сөйлеседі, үлгеріміне де өте жақсы әсері болып жатыр. Бізде осы мәселе Цифрлық кодекс аясында қарастырылған ба? Оқу-ағарту министрлігі мен жасанды интеллект министрлігінің позициялары қандай?», - деп сұрады депутат.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның айтуынша, Цифрлық кодексте мұндай тыйым көзделмеген.

«Министрліктің ұстанымы – тыйым салу емес, жас ұрпақты цифрлық құрылғыларды дұрыс пайдалануға үйрету. Ең бастысы – технологияларды, интернетті және жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі саналы қолдану мәдениетін қалыптастыру. Сонда ғана оларды қолдануда артта қалу қаупі болмайды», - дейді Мун.