Вице-министр ел арасында тарап жатқан вирус туралы: эпидемиялық қауіп жоқ

Автор: Нұргүл Абай

Мұндай кезеңде вирустық аурулардың таралуы қалыпты жағдай дейді ол

Фото: kafanews.com

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов балалар арасында тараған вирус туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде балалар арасында вирус тарап, инфекциялық стационарларда орын жоқ деген сыбыс тараған. Вице-министр инфекциялық стационарларда науқастардың көбейіп жатқанын мойындады, бірақ ешқандай да эпидемиялық қауіп төніп тұрған жоқ дейді.

«Бұл өтпелі уақыт, күз бен көктем кезінде, жалпы климаты ұқсас елдерде вирустық аурулардың таралуы жоғары болады. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда қазір жедел респираторлық вирустық аурулар мен аурушаңдық былтырғыдан жоғары емес. Тұмаумен ауырғандар да аз. Кейбір балалар инфекциялық ауруханаларында және ересектер стационарларында уақытша науқастар саны көбеюі мүмкін. Бір уақытта көп науқас келсе, жүйеге салмақ түсетіні түсінікті. Мұндай жағдай бар екені рас, кейбір ірі қалаларда инфекциялық стационарларға науқастар көбірек түсіп жатыр. Бірақ бұл эпидемиялық жағдай емес. Қазіргі күні бізге эпидемиялық қауіп төніп тұрған жоқ», - деп жауап берді Мұратов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.