«Уәде берген»: Айдын Рахымбаевтың Лондонда оқи алмаған кенже ұлы әскерге кетті (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Оның әйелі ант қабылдау рәсіміне барып, баласының суреттерін жариялады

Фото: facebook.com/rakhimbaev

Мультимиллионер Айдын Рахымбаев кенже ұлын әскерге жіберді. Өзінің айтуынша, баласы Лондондағы оқуында қиындыққа тап болған көрінеді, деп жазады Azattyq Rýhy 

Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында баласы мен әйелі түскен суретті жариялаған Рахымбаев ұлының не себепті әскерге кеткенін түсіндірген.

«Кенже ұлым кеше әскери ант қабылдады. Физикалық дайындығы жақсы болғандықтан, десанттық-шабуылдау бригадасына түсті. Осыдан жарты жыл бұрын King’s College London оқу орнына түскен кезде екеуміз келіскен едік: егер оқуында қандай да бір қиындық туындаса, мен оның артын жаппаймын және ол әскерге барады деп уәделескенбіз. Сол сәт те келіп, азаматтық сөзінен таймай, әскерге кетті», — деп жазады Рахымбаев.

Рахымбаев ұлының ант қабылдау рәсіміне бара алмаған. Бірақ, әйелі мен қызын жіберіп, солардың фото және видеоларын жариялаған.

«Балам оқуын міндетті түрде жалғастырады. Бірақ, оның алдында Отан алдындағы борышын өтейді. Қазақстандағы сарбаздардың бәріне сәттілік, ал ата-аналарына сабыр тілеймін», — деп жазған Рахымбаев.