$ 526.02  607.55  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада ұстаздарға арналған жасанды интеллект жобасы таныстырылды

Жоба педагогтардың уақытын үнемдеп, артық қағазбастылықтан арылтады 

Астанада ұстаздарға арналған жасанды интеллект жобасы таныстырылды
Фото: Azattyq Rýhy

Астанада «AMANAT» партиясы мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп іске асырып жатқан «Ustazga AI» жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Білім беру саласына жасанды интеллектті енгізу мәселесіне арналған отырысқа елорданың мектеп және колледж директорлары мен оқу ісі жөніндегі орынбасарлар қатысты. Басқосуды Астана қаласы білім басқармасы, «AMANAT» партиясы және DarynOnline компаниясы ұйымдастырды.

«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова мұғалімдердің еңбегін ешбір технология алмастырмайтынын, алайда жасанды интеллект олардың жұмысын едәуір жеңілдететінін атап өтті.

«Жасанды интеллект мұғалімдерді ешқашан алмастырмайды. Бірақ ол ұстаздардың жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз мұғалімдерді қағазбастылық пен артық есептен босатып, өздерінің басты қызметі – балаларға білім мен тәрбие беруге толықтай көңіл бөлуіне жағдай жасау», – деді ол.

Каринованың айтуынша, «AMANAT» партиясының бастамалары мен заң шығару кеңесі әзірлеген ұсыныстардың нәтижесінде соңғы төрт жылда педагогтердің еңбекақысы екі есеге жуық өскен. Партия хатшысы «Цифрлы қоғам» жобасы аясында білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу маңызды бағытқа айналғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллектті енгізу туралы нақты тапсырма берді. Осыған сәйкес, біз Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп мұғалімдерді жаңа технологияларды тиімді қолдануға үйрету жобасын іске асырып жатырмыз», – деді Шолпан Каринова.

«Ustazga AI» жобасы үш кезеңнен тұрады. Олар: барлық мұғалімдерге арналған тегін онлайн курсты оқыту; педагогикалық хакатон – 400 мұғалім қатысып, үздіктері халықаралық тағылымдамаға жолдама алады; жобаның қорытындысы бойынша үздік тәжірибелер өңірлерге енгізіледі.

DarynOnline компаниясының құрылтайшысы Айбек Қуатбаев жобаның техникалық мүмкіндіктерін таныстырды. Оның айтуынша, компания әзірлеген Daryn.ai платформасы ұстаздарға арналған 24 бейнесабақтан тұратын тегін онлайн курс ұсынады.

«Педагогтардың уақытын үнемдеп, рутиналық процестерді оңтайландыруды көздеп отырмыз. Сабаққа дайындық, есеп-қисап, ата-анамен байланыс сияқты жұмыстарды жасанды интеллект арқылы жеңілдетуге болады», – деді ол.

Курс тәулік бойы қолжетімді және тегін ұсынылады. Мұғалімдер тек телефон нөмірін енгізіп, бір реттік код арқылы жүйеге кіре алады. Бағдарлама аясында 400 мұғалім іріктеліп, олардың арасынан ең үздік 20 педагог Оңтүстік Кореяда өтетін халықаралық тағылымдамаға тегін жолдама алады.

Шара барысында Damu Online компаниясының мемлекетпен байланыс бөлімінің басшысы Ернар Сейітқұлұлы білім беру саласында іске асырылып жатқан пилоттық жобалар туралы айтты.

«Қазіргі таңда біз кейбір мектептерге жасанды интеллектті пилоттық режимде енгізуге келістік. Бұл шара мұғалімдерге өз жұмысын жеңілдетуге және сабақтарды қызықты өткізуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Компания платформасында ҰБТ мен халықаралық тестілерге дайындық, модульдік тестілеу және мұғалімдерге арналған байқау тестілері бар. Барлығы тегін қолжетімді.

Сонымен қатар, «Дарын Бағдар» атты жаңа жоба оқушылардың кәсіби бағдарлануына бағытталған. Платформа оқушылардың қабілеттерін талдап, болашақ мамандығын анықтауға көмектеседі. Қазір жоба Алматы мен Астанада пилоттық түрде жүзеге асып жатыр.

Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ustazga AI» бастамасы білім беру жүйесін цифрландыруға және мұғалімдердің кәсіби дамуына мүмкіндік береді.  Шара соңында қатысушылар жобаның білім сапасын арттырудағы әлеуетін талқылап, тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін сөз етті.

Серіктес жаңалықтары