Кассир, тракторшы, диспетчер: Қазақстанда кімдер жұмыссыз қалады, ал кімдердің бағасы артады

Автор: Нұргүл Абай

Еңбек министрлігінің болжамынша, 2035 жылға қарай цифрлық технологиялар саласына 46,6 мың маман қажет болады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Бұл мақсат ел экономикасы мен еңбек нарығының құрылымын түбегейлі өзгертуді, ал білім беру жүйесінің жаңа дәуір талабына бейімделуін қажет етеді. Осы орайда Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дәуіріне кадрлық тұрғыда дайын ба деген заңды сұрақ туындайды. Толығырақ Azattyq Rýhy материалында.

Қай мамандықтар келмеске кетеді

Қарқынды дамыған технология мен автоматтандырудың жаппай енгізілуі еңбек нарығына түбегейлі өзгеріс әкеліп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, алдағы жылдары елдегі бірқатар кәсіпке жойылу қаупі төнуі мүмкін. Бұл, ең алдымен, күнделікті және қайталанатын операциялармен айналысатын қызмет түрлеріне қатысты.

Мәселен, конвейер жұмысшылары – роботтандырылған өндірістің дамуына байланысты; автомобильдер мен жүк көліктерінің жүргізушілері – пилотсыз көліктердің пайда болуымен; кассирлер – автоматтандырылған кассалар мен өзіне-өзі қызмет көрсету жүйелерінің кеңеюімен; байланыс орталығының операторлары – жасанды интеллект пен чат-боттар алмастырады; тракторшылар мен комбайнерлер ауыл шаруашылығында автоматтандырылған техниканың таралуымен біртіндеп сұраныстан шығады.

Бұған қоса, Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне сүйенсек, энергия тұтынуды бақылаушы, үлгі алушы, диспетчер, кассир, қоршаушы және тағы басқа мамандықтар болашақта оқытылмайды.

Олардың орнын роботтандырылған жүйелер мен жасанды интеллект негізіндегі платформалар басып келеді. Мұндай өзгерістер биылдың өзінде-ақ байқалып отыр. Осы жылы елімізде көбіне өнеркәсіп, металлургия, машина жасау және құрылыс салаларында жұмысшылар саны қысқарған. Оған өндіріс көлемінің азаюы, сұраныстың төмендеуі және шығындардың өсуі себеп болған. Бұған қоса, қызмет көрсету және сауда салаларында да автоматтандыру мен онлайн жүйелердің көбеюінен жұмыс орындары азайған.

Жаңа заманның жаңа мамандықтары

ЖИ мен цифрлық технологиялар бір жағынан кейбір мамандықтардың жойылуына әкелсе, екінші жағынан жаңа кәсіптердің пайда болуына жол ашып жатыр. Қазірдің өзінде экономика салаларына жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін жаңа мамандар қажет.

Мысалы, өнеркәсіпте – ЖИ-инженері мен робот технигі, қаржы саласында –​​​​​​​ деректер талдаушысы мен ЖИ этикасы маманы, ауыл шаруашылығында –​​​​​​​ смарт-фермер мен агро-дрон операторы, медицинада –​​​​​​​ медициналық деректер сарапшысы, ал білім беру жүйесінде – ЖИ-оқыту дизайнері сияқты жаңа мамандықтар қосылады. IT саласында да machine learning тренері мен prompt engineer сынды бағыттар сұранысқа ие бола бастады.

Қазір жасанды интеллект саласында кадр даярлау үшін еліміздің 30 жоғары оқу орны 38 жаңа білім беру бағдарламасын әзірлеген. Олардың қатарында «Қолданбалы жасанды интеллект», «Тау-металлургия өндірісіндегі жасанды интеллект», «Жасанды интеллект инженериясы», «Көліктік машина жасаудағы смарт-технологиялар және жасанды интеллект» бар. Бұл бағдарламалар студенттерге Python тілін меңгеріп, TensorFlow, Keras, PyTorch кітапханаларымен жұмыс істеуді, деректерді талдау және визуализация жасауды үйретеді. Сонымен қатар, олар алынған білімді нақты салаларда — медицинада деректерді талдау, энергетикада тиімділікті арттыру, агроөнеркәсіпте өндірісті оңтайландыру сияқты бағыттарда қолдана алады.

Жаңа бағдарламалар еңбек нарығындағы өзгерістер мен жаңа сұраныстарды ескере отырып жасалған. Негізгі мақсат — болашақта қажет болатын дағдылар мен құзыреттерге ие мамандарды даярлау. Осылайша, жасанды интеллект бір саланы алмастырса да, екіншісіне жаңа өмір беріп, еңбек нарығын жаңартып келеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде IT мамандарға сұраныс жоғары — шамамен 10,7 мың адам қажет. Бұл бағытта 79 жоғары оқу орны кадр даярлайды. 2024-2025 оқу жылында бакалавриат деңгейінде 63 мың адам білім алған. 2024–2025 оқу жылына 13 036 мемлекеттік грант, ал 2025-2026 оқу жылына 11 585 грант бөлінген. Соңғы үш жылда IT бағыттары бойынша 27 мыңнан астам түлек оқуын тәмамдаған, олардың жартысына жуығы мемлекеттік тапсырыспен оқыған.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің орта мерзімді болжамына сүйенсек, 2035 жылға қарай елімізге цифрлық технологиялар саласына 46,6 мың маман қажет болады.

ЖИ мамандарын дайындауға шетелдік университеттер көмектеседі

Қазақстанда жасанды интеллект саласы бойынша мамандарды даярлау үшін шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнаған. Ғылым және жоғары білім министрлігі елімізде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашып жатыр.

Мысалы, 2023 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп ЖИ мектебі ашылды. Мұнда «AI Architect» және «Data Management» бағыттары бойынша қос дипломдық бағдарламалар іске қосылған. Университет заманауи техникамен жабдықталып, алдағы жылдары VR/AR құрылғыларын да алуды жоспарлап отыр.

2024 жылы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті мен CityU арасында ынтымақтастық туралы меморандум, сондай-ақ ЖИ саласындағы компьютерлік ғылымдар бойынша бакалавриаттың қос дипломдық бағдарламасын және «Machine Learning & Data Science» қос магистратура бағдарламасын ашу туралы меморандум жасалды. ҚазҰТЗУ компьютерлік көру және деректерді интеллектуалды талдаумен байланысты жобаларды іске асырып жатыр. Агротехнологиялар, экологиялық мониторинг, финтех-шешімдер, оқыту AI-жүйелерін әзірлеуде машиналық оқуды қолдану бойынша зерттеулер жүргізілуде.

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті «Есептеу технологиялары және жасанды интеллект әдістері» білім беру бағдарламасын іске асырып жатыр. De Montfort University Kazakhstan да «Жасанды интеллект» білім беру бағдарламасын әзірледі. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында Тяньцзин кәсіби университетінің «Лу Бань» шеберханасы «Көлік машина жасау саласындағы смарт-технологиялар және жасанды интеллект» инновациялық білім беру бағдарламасын ашқан. Осындай тәжірибе басқа жоғары оқу орындарында да дамып келеді. Мәселен, Astana IT University, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті. Бұл бағытта жұмыс жалғасады, деп атап өтті министрлік.

Сонымен қатар, оқытушылардың біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінген. 40-тан астам университет «Жасанды интеллектіні оқыту әдістемесі», «Білім берудегі AI және GPT», «ChatGPT және нейрожелілерді пайдалану» сияқты курстар ұйымдастырған. Қазір еліміздегі оқытушылардың 54%-ы ЖИ бойынша оқудан өткен, 7 700-ден астамы сертификат алған.

Жалпы, бұл шаралар Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін жаңа цифрлық дәуір талаптарына бейімдеп, елде заманауи ЖИ мамандарын даярлауға жол ашады.

Жарты жылда – жаңа маман иесі

Ғылым министрлігі оқытушылардың біліктілігін арттыруға баса назар аударып жатса, Еңбек министрлігі жұмысшылардың жаңа мамандықтарды меңгеруіне және біліктілігін көтеруіне жағдай жасап отыр. Сондай бағдарламалардың бірі — «Skills.Enbek» платформасы. Бұл сайтта кез келген адам, тіпті мамандығын өзгерткісі келетіндер де қысқа онлайн курстардан өте алады. Курстарда цифрлық сауаттылық, кәсіби дағдылар мен мемлекеттік онлайн платформаларды пайдалану үйретіледі. Сонымен қатар, бұл платформа колледждер мен университеттерге микробіліктілікті тану және WorldSkills платформаларын дамыту бойынша курстарды орналастыру мүмкіндігін береді.

Оқыту арнайы оқу орталықтарында немесе тікелей жұмыс орнында да өткізіледі. Курстардың ұзақтығы әдетте 6 айдан аспайды. Мұндай оқудың басты артықшылығы – алған білімді бірден жұмыс барысында қолдануға және тез жұмыс табуға көмектеседі. Ал жұмыс беруші өзіне дайын, білікті қызметкер алады. Курстар еңбек нарығына қажетті түрлі мамандықтар бойынша ұйымдастырылады. Бұл өзгеріп жатқан жағдайға бейімделіп, жаңа кәсіпті игергісі келетін адамдарға өте тиімді.

Қазір әлемде болып жатқан өзгерістер жаңа мамандықтарға деген сұранысты арттырып жатыр. Мысалы:

  • жасанды интеллект, деректерді талдау, киберқауіпсіздік салаларының дамуы IT-мамандарға, деректер талдаушыларына және ақпараттық қауіпсіздік сарапшыларына деген қажеттілікті көбейтті;
  • «жасыл энергияға» көшу — экологиялық мамандар мен жаңартылатын энергия инженерлеріне сұраныс тудырды;
  • демографиялық өзгерістер — персоналды басқару, тәлімгерлік және оқыту саласындағы мамандықтардың маңызын арттырды.

Сол себепті министрлік азаматтарға болашақта осы бағыттар бойынша дағдыларын дамытып, еңбек нарығындағы өзгерістерге дайын болуға кеңес береді.