Егер бір адамның атына күмәнді ақша аударымы жасалса, Антифрод орталығы әлгі адамның операцияларын 5 күнге тоқтатып, анық-қанығын тексереді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова елімізде дропперлердің «қара тізімі» жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бізде алғаш рет дропперлердің «сұр-қара тізімі» пайда болды. Сосын Антифрод-орталыққа бес күн ішінде операцияларды бұғаттап, тексеру құқығын бердік. Егер бұл операцияның алаяқтықпен байланысы жоқ екені расталса, онда бұғат алынып, азаматқа банк операциялары көрсетіле береді. Ал егер алаяқтық фактісі расталса, ол адам «сұр тізімге» енгізіледі. Бұл тізімге қылмыстық іс қозғалып, тексеріс жүріп жатқан адамдар кіреді. Барлық мән-жай анықталып, адам жауапкершіліктен босатылғанға дейін ол осы «сұр тізімде» қалады. Ал егер оның дроппер екені, яғни алаяқтық жасағаны толығымен дәлелденсе, ол «қара тізімге» енеді», - деді Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында.
Яғни адам кінәсіз болса, бес күн ішінде тексеріс жүргізіліп, соның нәтижесі бойынша қайтадан қаржылық қызметтерді пайдалана алады.