Мұғалім мәртебесі: Астанада ұстаздарды кәсіби қолдау жүйесі күшейді

Автор: Темірхан Айжан

Мектептегі ақпараттың ашықтығы ата-аналардың сенімін арттырды

Фото: Freepik

Астанадағы №37 мектеп-лицейі мұғалімдердің психологиялық және кәсіби саулығын қолдау мақсатында «Кәсіби серпін» жобасын іске қосты. Жоба педагогтердің кәсіби шаршауын азайтуға бағытталған және ешқандай міндетті тапсырма қоймайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Директор Гүлжан Төлеу мәлім еткендей, жыл бойына кәсіби психологтар тренингтер өткізеді, сондай-ақ мұғалімдер жеке қабылдауларға қатыса алады.

«Жыл сайын педагогикалық кеңестерде педагог-психологтарымыз мұғалімдермен тренингтер өткізіп отырады. Бізге бұл тренингтерді өткізуге ата-аналарымыз мықты қолдау жасап отыр, осы үшін шынайы алғысымды білдіремін», - деді директор.

Ата-аналар мектеп тіршілігіне белсенді қатысып, балалардың оқу процесіне бақылау жасап отыр.

«Мектептегі ақпарат ашық болған сайын ата-аналар әлеуметтік желіде жағымсыз пікір жазбай, өз сұрақтарын ресми арналар арқылы шешуді үйреніп келеді», - деп атап өтті Гүлжан Төлеу.