$ 528.31  608.35  6.55
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Мұғалімге жала жапқан ата-ана заң алдында жауап береді»: мектеп директоры ұстаз құқығы қалай қорғалатынын айтты

Директор қазіргі күні мектептерде мұғалім құқығы жоғары деңгейде қорғалатынын айтты 

«Мұғалімге жала жапқан ата-ана заң алдында жауап береді»: мектеп директоры ұстаз құқығы қалай қорғалатынын айтты
Фото: Гүлжан Төлеудің жеке мұрағатынан

2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаздардың құқықтық жағдайын айқындап, олардың кәсіби еркіндігін кеңейткен болатын. Бүгінде мұғалім мәртебесі бұрынғыдан биіктеді, алайда қоғамда құрметке бөленіп, сенімге ие болу әр ұстаздың өз қолында. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Астанадағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицей директоры Гүлжан Дәрібайқызы Төлеу айтып берді. Ол заңның педагогтер өміріне тигізіп жатқан әсері туралы әңгімеледі.

Оның айтуынша, заң қабылданғаннан бері мұғалімдер өз қызметін еркін атқарып, кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік алған.

«Мұғалімнің кәсіптік қасиеттерін еркін дамыту, олардың құқықтық жағдайын арттыру, тең құқылы қызмет ету мүмкіндігі, әлеуметтік кепілдіктер, педагогтің өздеріне тән емес функцияларды орындауға шектеу қою, педагогтердің жан-жақты білімін жетілдіруі бойынша жағдай жасалып отыр. Осыдан он шақты жыл бұрын жағдай мүлде керағар болатын, қазір мұғалімнің өз қызметін еркін атқаруына мүмкіндіктер мол», - деді ол.

Директор қоғамда мұғалімнің шынайы құрметке бөленуі тікелей әр мұғалімнің өз қолында екенін атап өтті.

«Осы орайда «Адал азамат» бағдарламасындағы жауапкершілік, әділеттілік пен адалдық құндылықтарын бала бойына сіңіру үшін, алдымен ұстаздың өзі сол қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Ата-аналар өз баласын мейіріммен оқытып, адалдықпен талап қоя білетін мұғалімдерді құрметтейді. Өз ісіне шынайы берілген ұстазды қоғам да, мемлекет те бағалайды. Заң мұғалімдердің өз қызметін еркін атқара отырып, кәсіби дамуына жағдай жасаған, дегенмен мұғалімнің шынайы құрметке бөленуі әр мұғалімнің өз қызметін адал әрі шынайы беріле отырып атқаруына тікелей байланысты», - деді директор.

Оның айтуынша, қазіргі күні мұғалімнің құқығы жақсы қорғалған

«Бұл мәселе әр мектептегі «Әдеп кеңесінің» жұмысы арқылы реттеледі. Ата-ана мұғалімге негізсіз жала жаба алмайды, егер ондай жағдай болса, кеңес тәртібімен тексеру жүргізіледі. Мұғалімнің кінәсі дәлелденбесе, заң бойынша ата-анаға шара қолданылады. Ал педагог тарапынан этика бұзушылық анықталса, алдымен медиация арқылы, шешілмеген жағдайда «Әдеп кеңесінің» талаптарына сай жұмыс жүргізіледі. Бұл педагогтің өз құқығын қорғауына жасалған үлкен мүмкіндік», – деді директор.

Серіктес жаңалықтары