Отандық «ДосболLIKE» бағдарламасы оқушыларға қалай көмектесіп жатыр
Бағдарлама қыркүйекте басталды
Жаңа оқу жылы елімізде балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған бірқатар маңызды жобамен басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әрбір бала үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Биыл осы бағытта «ДосболLIKE» атты отандық антибуллинг бағдарламасы ерекше назар аудартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл бағдарлама 1 қыркүйектен еліміздің барлық мектебі мен колледждерінде жүзеге асырыла бастады. Оның басты мақсаты – оқушылар арасында буллинг оқиғаларын азайтып, оқу ордаларында өзара сыйластық пен қолдау мәдениетін қалыптастыру.
Мамандардың айтуынша, буллинг мәселесі – тек мектеп ішіндегі тәртіп проблемасы емес, ол баланың психологиялық және эмоционалдық саулығына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты 2024 жылы заңнамалық өзгерістер енгізіліп, буллинг және кибербуллинг фактілері үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегіне сүйенсек, 2024 жылы елімізде буллингке қатысты 184 іс тіркелсе, 2025 жылдың тоғыз айында 260 әкімшілік іс қозғалған. Егер мектеп басшылығы буллинг фактісін жасырып қалса немесе тиісті шара қолданбаса, оларға 5-тен 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.
Сонымен қатар, мектептерде Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істей бастады. Бұл орталықтар ата-аналар мен мұғалімдердің тұрақты серіктестігін күшейтіп, отбасы ішіндегі қарым-қатынасты жақсартуға және позитивті ата-ана мәдениетін дамытуға бағытталған.