Еңбекшіқазақта баласының аяғына гипс салдырғысы келмеген әке үш күнге қамалды
Ер адам дәрігерді балағаттап, қысым көрсеткен
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының №2 аудандық соты дәрігерді балағаттап, қызметіне кедергі келтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сәйкес, ол биыл 8 қыркүйекте шамамен сағат 17:00-де Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының №1 қабылдау бөліміне баласын апарған. Баласы аяғын ауыртып алған көрінеді.
Дәрігер баласының аяғы сынғанын айтып, гипс салу керек екенін ескреткен. Бірақ, ер адам бұған қарсы шығып, баласына өзі диагноз қойған.
«Баланың әкесі дәрігердің іс-әрекетімен келіспей, сүйек сынбаған деп есептеген. Осыған байланысты ол наразылық білдіріп, бейәдеп сөздер айтып, дәрігерді жағасынан ұстаған», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сотқа келген ер адам кінәсін мойындап, эмоцияға берілгенін, бейәдеп және орынсыз әрекеттерге жол бергенін айтқан. Жазаны соттың қарауына қалдырған.
«Сотқа келген травматолог пациенттің әкесінен ауызша тіл тигізу мен физикалық қысым көргенін растады. Сондай-ақ ер адам басқа медициналық қызметкерлерге де құрметсіздік көрсеткенін атап өтті», - деп жазады баспасөз қызметі.
Мән-жайларды ескерген сот ер адамды кінәлі деп танып, оны үш күнге қамаған.