Сотталушы өз кінәсін мойындамады
Атырау облысында мотоцикл жүргізушісі қаза тапқан жол апатына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «АқЖайыққа» сілтеме жасап.
Сот материалы бойынша 2025 жылғы 7 шілдеде Құлсары қаласында автобус жүргізушісі көше қиылысында жол белгісін елемей, кәмелетке толмаған жасөспірімнің басқаруындағы мотоциклмен соқтығысқан. Салдарынан бала есін жимастан ауруханада көз жұмған.
Прокурор сотталушыға 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады. Жәбірленушінің өкілі заң талаптарына сәйкес жаза кесуді сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады.
«Автобус жүргізушісі Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша – абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды», - деп жазды басылым.
Сотталушының асырауында жас балаларының болуы, бұрын сотталмағаны жаза мен қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот сотталушыға 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесті. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.