Жер бөлу, газ тарту және жол салу: «AMANAT» өкілдері Түркістан облысындағы тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады
Азаматтар көбіне жер, газ және көшедегі жарық мәселелерін қозғаған

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев азаматтарды жеке қабылдап, өңір тұрғындарының түрлі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерін қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Қабылдау барысында тұрғындар жер үлесін әділ бөлу, елді мекендерді газбен қамту, жолдарды жөндеу және көшелерге жарық орнату мәселелерін көтерді.
Сайрам ауданының тұрғындары кооператив иелігіндегі жер үлестерін бөлу бойынша көмек сұрады. Оларға пай үлесінің кооперативке қосқан мүлікке, жер көлеміне және еңбек үлесіне қарай есептелетіні түсіндірілді. Бұл мәселе бойынша азаматтарға құқықтық кеңес беріліп, «Құқықтық көмек» жобасы аясында бақылауға алынды.
Қазығұрт ауданының Еңбекші ауылынан келген тұрғын табиғи газ тарту мәселесін көтерді. Бұл бағыттағы жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жобаны қаржыландыруға ұсыныс берілетін болады.
Сондай-ақ қабылдауда «Шарбұлақ – Қарабау – Амангелді – Ақбастау» бағытындағы жолды жөндеу және Қожақорған ауылында тұрғын үй құрылысына жер бөлу туралы өтініштер қаралды. Жол құрылысы екі кезең бойынша жүзеге асырылады, алғашқы кезеңнің жұмыстары биыл басталады, толық аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.
Атбұлақ ауылынан келген тұрғын ішкі көшелерге жарық орнату мәселесін көтерді. Жобаның сметалық есебі дайындалып, қаржыландыру мәселесі аудандық мәслихат сессиясында қаралатын болды.
Барлық көтерілген мәселелер партияның Сайрам және Қазығұрт аудандық филиалдарының бақылауында болады. Азаматтарға қосымша кеңес пен қолдау көрсетіледі.