Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері жыл соңына дейін өспейді

Автор: Аягөз Құрмаш

Үкімет тариф саясатында ұстамды боламыз дейді

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қазақстан үкіметі 2025 жылдың соңына дейін коммуналдық қызмет тарифтерін көтермеу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Инфрақұрылымның тозуы мен жаңғыртуды қажет ететініне қарамастан, Үкімет тарифтік саясатта ұстамдылықты сақтайды. Жыл соңына дейін халық үшін тарифтерді қымбаттату жоспарда жоқ», – деді Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) саласында ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Мақсат – инфрақұрылымды кешенді түрде жаңарту және жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету.

Бектенов атап өткендей, тарифтерді тежеу ұзақмерзімді қаржыландыруды тарту және монополистердің операциялық шығындарын оңтайландыру арқылы мүмкін болып отыр. Олжас Бектенов тариф саясатына қатысты кез келген шешімнің әлеуметтік сезімталдықты ескеруі қажет екенін баса айтты.

«Кез келген тарифтік өзгеріс халықтың әлеуметтік жағдайына әсер етпеуі үшін, ол салмақты әрі теңгерімді түрде жүзеге асырылуы тиіс», – деді Үкімет басшысы.