ҰБТ ережелерін бұзғандарға ақылы бөлімде оқуға рұқсат берілмеуі керек – Қожахметов
Сарапшы батыс елдерінде мұндайға жол берілмейтінін атап өтті
Биыл ҰБТ ережелерін бұзған түлектерге ақылы бөлімде білім алуға рұқсат берілмеуі керек. ҰАТО сарапшысы Асылбек Қожахметовтың пікірінше, ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып кірген түлектер жоғары оқу орнына түсу құқығынан толығымен айырылуы керек.
«Жыл сайын талапкерлердің 90 пайызы әртүрлі құрылғыларды – сымсыз құлаққаптарды, телефондарды пайдалануға тырысады. Бұл өте ұят. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа шағымданушылар көп. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлық ҰБТ-дан басталып тұр. Үлкен өмірге аяқ басқан жастар осылайша адалдықтан аттайды. Ертең жоғары оқу орны қабырғасында да жеңіл жол іздеп, пара беруі мүмкін. Осындай жолмен білім алып шыққан «мамандар» кейін ұстаздық етеді, мемлекеттік басқару, құқық қорғау органдарында жұмыс істейді», - дейді AlmaU президенті.
Асылбек Қожахметовтың айтуынша, ережені бұзу арқылы талапкерлер тек мемлекетті ғана емес, жақындарын да алдауды көздейді. Сарапшы батыс елдерінде мұндайға жол берілмейтінін атап өтті.
«Білім министрлігінің шешімі қолдауға тұрарлық. Ата-аналардың балаларына талап-тәртіпке сай өмір сүру қажет екенін үйреткені маңызды. Ал бізде керісінше, ережені бұзуға ата-аналардың өздері итермелейді. Содан кейін көздің жасын көл қылады, тәртіпті өзгертуді талап етеді. Егер біз жемқорлықсыз мемлекет орнатқымыз келсе, тәртіпке бағынуымыз керек, басқа жол жоқ», - деп атап өтті Қожахметов.
Еске сала кетейік, биылдан бастап ҰБТ ережелері қатаңдатылды. Енді сынақ тапсыру кезінде телефон, шпаргалка қолданған түлектердің тестілеу нәтижелері жойылады және мемкеттік грантқа өтініш бере алмайды. Алайда, үміткер шекті балды жинаса, қаңтар айында өткен ҰБТ сертификатын қолдана отырып ақылы бөлімде оқуға мүмкіндік алады.