«Қыруар ақшаға салынған мәдениет үйінде маман да жоқ, көрермен де жоқ»: «Miras» республикалық кеңесінде не айтылды

Автор: Темірхан Айжан

Жиын қатысушылары мәдениет саласының түйткілді мәселелерін ортаға салды 

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы Орталық аппаратында өткен «Miras» республикалық кеңесінің отырысы елдегі мәдениет пен өнер саласының бүгінгі жай-күйін, жоспарланған міндеттердің орындалу барысын, сонымен қатар жасанды интеллект дәуірінде мәдениетті дамыту мәселесін талқылауға арналды. Кеңеске Парламент депутаттары, министрлік өкілдері, әкімдіктердің орынбасарлары, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты, деп жазады Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай жиынды министрлік пен әкімдіктердің жауапкершілігіне назар аудартудан бастады. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясының Жол картасында көрсетілген мәдениет нысандарын салу мен жөндеу бойынша қабылданған хаттамаларға берілген жауаптар формалды сипатта қалып отыр.

«AMANAT» партиясының көшпелі отырыстарын Қызылорда қаласында және Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Қызылжарда өткізгенбіз. Сол кездесулерде партияның 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасында көрсетілген мәдениет нысандарын салу және жөндеу жұмыстарын кеңінен талқыладық. Өңірлердегі қордаланған мәселелерді зиялы қауым мен «Miras» кеңесінің мүшелері көтерді. Соның негізінде он алты тармақтан тұратын хаттама әзірледік. Ол хаттаманы біз Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне де, Мәдениет және ақпарат министрлігіне де жолдадық. Бірақ сіздердің берген жауаптарыңызды жауап деп айтуға келмейді. Жай ғана «отписка», негізгі жауапкершіліктен қашу болып тұр. Министрлік біз жолдаған хаттамамен танысты ма? Егер таныс болса, онда берген жауапты оқу ұяттау. Егер министрлік жауапкершілікті әкімдіктерге ысыра салса, ал әкімдіктер дәрменсіздік танытса, халық алдындағы уәдені кім орындайды? AMANAT партиясында талқыланған әрбір мәселе жай ғана  жылы жабылатын ұсақ-түйек емес. Оның артында елдің тағдыры, халықтың аманаты тұр. Сондықтан сайлауалды бағдарлама аясында Жол картасына енген әрбір мәселе міндетті түрде жауапкершілікпен қаралуы тиіс», - деді ол.

Оның сынына жауап берген Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Ерлан Дәкенов келешекте осы бағытта жұмыстар атқарылатынын айтты. Ол жалпы республика бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді.

«2021 жылдан бері еліміздің он жеті өңірінде мәдениет саласында бірқатар нысанның құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, он музей, бес кітапхана, жиырма төрт ауылдық клуб, сегіз мәдениет үйі, төрт мәдениет орталығы және екі театр пайдалануға берілді. Жалпы алғанда, жиырма алтыға жуық мәдениет нысаны ел игілігіне тапсырылды», – деді ол.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов аймақта атқарылған жұмыстарды тізіп шықты.

«Өткен отырыста көтерілген мәселелерді біз жан-жақты қарастырып жатырмыз. Әрбір бағытқа жеке-жеке көңіл бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыстық деңгейде мәдениет басқармасы бұл міндеттерді жүйелі түрде орындап келеді. 17 наурызда өткен көшпелі отырыс хаттамасында бізге 14 тармақ жүктелді. Соның аясында атқарылған жұмыстарға тоқталайын. Ботай мәдениеті бойынша биыл археологиялық мұраны дәріптеу мақсатында бірқатар іс-шара өткізілді. 13 тамызда Айыртау ауданында халықаралық ғылыми семинар өтті. Оған Франция, Түркия, Ресей және Қазақстан ғалымдары қатысты. Сонымен қатар, халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен үшінші халықаралық суретшілер симпозиумы ұйымдастырылды. Нәтижесінде Петропавл қаласына кіреберісте Ботай мәдениетіне арналған жаңа ескерткіш орнатылды. Ал «Тұлпар күні» мерекесін биыл өткізуге қаржы тапшылығы кедергі болды, сондықтан оны келесі жылы кең көлемде атап өтуді жоспарлап отырмыз. Ақтау қалашығы бойынша мұнда археологиялық және ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне байланысты биыл бюджетке өтінім берілді. Жоспарға сәйкес, келесі жылы нақты қазба жұмыстары қолға алынады. Кадр мәселесі облыста мәдениет саласы мамандарының тапшылығын шешу үшін арнайы грант бағдарламасы іске асырылып келеді. Төрт жыл бұрын басталған бұл жоба аясында 53 студент қазір еліміздің жетекші оқу орындарында білім алуда. Үшжақты келісім бойынша олар оқуын тәмамдаған соң біздің облыста еңбек етеді», - деді ол.

Алматы қаласы мәдениет басқармасы өкілі Арман Қалыбек Жол картасындағы 21 нысан бойынша жұмыс қарқынын баяндады.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында мемлекет Жол картасын бекіткен болатын. Сол құжатқа сәйкес, 2027 жылға дейін 759 мәдениет нысанын салу және 1 259 нысанды жөндеу міндеті қойылған. Оның ішінде 220 нысан – жаңа құрылыс, 1 025 нысан – жөндеу жұмыстары. 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, сол жылдан бері елімізде бірқатар мәдени нысан пайдалануға берілді: 10 музей, 5 кітапхана, 24 ауылдық клуб, 8 мәдени-демалыс нысаны, 4 тарихи-мәдени орталық, 2 театр, 1 Өнер сарайы, 1 Жазушылар үйі сондай-ақ бірнеше ескерткіш кешендері бой көтерд»,- деді ол. Алайда оның сөзінше, қаржылық және құқықтық себептерге байланысты кешеуілдеп жатқан жұмыстар бар. Президент тапсырған тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар жобасы да толық орындалмаған.

Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова Жезқазған мен Сәтбаевтағы театрлар мен мәдениет сарайларын жөндеуге қатысты жоспарларды айтты.

«AMANAT» партиясының Ұлытау облысы бойынша Жол картасында алты мәдени нысанды күрделі жөндеу қарастырылған. Алайда іс жүзінде одан да көп, яғни он нысан жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар 2023 жылдан бастап 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізілуде. Оның ішінде Қасапай, Алғабас, Егінді, Жезді, Кенді ауылдарындағы мәдениет үйлері жаңғыртылды. Жаңақтау ауданында және Жезқазған қаласында да екі нысан жөнделді. Ең күрделі мәселенің бірі – С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театры. Бұл нысанды күрделі жөндеу жұмыстары 2024–2025 жылдарға жоспарланған. Қазір қажетті құжаттар әзірленіп жатыр, ал келесі жылы жөндеу жұмыстары басталмақ. Жезқазған қаласында екі ірі мәдениет нысаны бар. Оның бірі – Достық үйі. Бұл нысанға 1 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. 2025–2026 жылдары толық аяқталады. Осы жұмыстан кейін ғана Қожамқұлов атындағы театрды жөндеу қолға алынады», - деді ол.

Бұл өңірде мемлекет қаржысына қосымша «Қазақмыс» корпорациясы секілді жеке сектор да тартылған. Мәселен, Жезқазғанға жаңа Конгресс-орталық салу жоспарланып отыр.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан өңірлердің есебі көбіне шынайы емес екенін, ал нақты ахуал тым күрделі екенін айтты. Оның дерегінше, елдегі мәдени нысандардың 60–70 пайызы ескірген, әсіресе шекаралық аймақтарда қираудың алдында тұр.

«Мирас» кеңесінің отырыстары ай сайын емес, үш-төрт айда бір рет өткізіліп, маңызды мәселелер талқыланады. Мұндай жиындарға уәкілетті орган өкілдері міндетті түрде қатысып, нақты ахуалды баяндауы қажет. Ал бізге ұсынылып отырған есептер шынайы жағдайды толық ашпай отыр. Өңірлерде мәдениет саласында шешілмеген мәселе өте көп. Президенттің мәдени саясатты күшейту жөніндегі тапсырмалары мен партияның сайлауалды бағдарламасындағы міндеттер әлі де толық орындалмаған. Қазір республикада 3 076 мәдени-демалыс ұйымы, 3 920 кітапхана, 282 музей, 74 театр, 50 концерттік ұйым бар. Соның ішінде мыңнан астам нысан шалғай аймақтарда орналасқан. Алайда көпшілігінің жағдайы мүшкіл: жылу жүйесі дұрыс істемейді, қауіпсіздік талаптары сақталмаған, сахналық жабдықтар ескірген. Кейбір мәдениет үйлері тіпті қараусыз қалған. Ең сорақысы – кей жерлерде жоспарлау сапасыз: қажеті жоқ ауылға қыруар қаржыға мәдениет үйін салып қояды да, ішінде маман да жоқ, көрермен де жоқ. Қаңырап бос тұр», – деді ол.

Депутат мәдениет үйлеріндегі кадр мәселесіне де тоқталды.

«Ауылдағы мәдениет қызметкерлері негізінен ресми шараларға ғана тартылады. Әкім, депутат немесе кәсіпкер келгенде ғана концерт қойып, микрофон жинап, дастарқан жаюға жүгіріп жүреді. Ал шын мәнінде олардың басты миссиясы – халыққа тұрақты мәдени-ағартушылық қызмет көрсету. Бұл жерде көзқарас түбегейлі өзгеруі керек. Өйткені қазір қоғамдағы мәдени деңгейіміз өте төмен. Бұған бәріміз жауаптымыз, бірақ ең алдымен Мәдениет және ақпарат министрлігі жауапты», – деді ол.

Ол мәдениет қызметкерлерінің жұмысын тек ресми шараларға тәуелді етпей, тұрақты ағартушылық бағытқа көшіруді ұсынды.

Сенатор Нұртөре Жүсіп Қызылорда облысындағы «Руханият сарайлары» тәжірибесін оң үлгі ретінде атап өтіп, басқа өңірлерде жоспарлау кезінде жүйесіздік орын алып отырғанын сынға алды. Оның ойынша, мәдени нысандарды салуда бар инфрақұрылымды тиімді пайдалану керек, артық шығынға жол берілмеуі тиіс. Мысалы, жаңа мектептердің спорт залдарын мәдени іс-шараларға да бейімдеу тиімді шешім болар еді.

Сонымен бірге сенатор тарихи мұраларды қорғаудағы олқылықтарға тоқталды. Тәжікстандағыдай реставратор мамандарын дайындау тәжірибесін Қазақстанға да енгізу қажеттігін айтты. Түркістандағы кесенелерді жөндеудегі қателіктер, Жошы хан кесенесінің айналасында орын алып жатқан күмәнді жобалар, петроглифтердің жойылу қаупі мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс мәселелер болып отыр.