Халық шенеуніктердің әкелген сынамасына сенбейді
Маралдыдағы алтын фабрикасының маңындағы бұлақтан су ішкен малдар қырылып жатыр. Күні кеше комиссия өкілдері ауылға келіп, сынама қорытындысы судың таза екенін көрсетті деген. Алайда халық бұл қорытындыға сенбей, шенеуніктерге арықтан су ішкізген, деп жазады Azattyq Rýhy «КТК» телеарнасына сілтеме жасай отырып.
«Шығыс Қазақстан облысындағы малы қырылған Маралды ауылының тұрғындары су мен топырақтан алынған сынама қорытындысы өтірік дейді. Себебі зертханалық сараптамада ешқандай қауіпті элементтер жоқ деп жазылған екен. Осы қағазды ұстап облыс басшылары ауыл халқымен кездесуге келген. Алайда алтын фабрикасынан мал-жан ауру жұқтырып жатыр деген ауыл халқы атқамінерлерді арықтан су ішуге мәжбүрледі», – деп хабарлайды арна тілшілері.
Халық талап еткен соң комиссия мүшелері бұлақтың біріне барған: бірі жерді қазса, бірі бұлақтан су ішкен.
«Барсын осы жігіт. Міне, мына жерден су ішсе, организмге зиян жоқ деп, бақырды алсын да, ана бұлақтан бір бақыр, мына бұлақтан бір бақыр фабриканың маңынан су ішсін», – деген бір азамат.
Жалпы, тұрғындар төрт түлік алтын фабрикасынан шыққан қалдықтардан уланып жатыр деп есептейді. Бұл аздай, алтын өндіру кезінде ауылды шаң-тозаң басып, терезе түгілі, далаға шығудан қалдық дейді жиналғандар. Мәліметке сүйенсек, ауыл тұрғындары облыс әкімінің орынбасары мен экологты бұлаққа ертіп апарып, су ішкізген.
ШҚО ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов болса, қазіргі сараптамадан басқа тағы бір сараптама жасалып жатқанын, оның нәтижесі он күннен кейін шығатынын айтқан.