Мәжіліс спикері ЖИ туралы: санның артынан қумай, халыққа көмектесетін шешімдер ұсыну керек
Бізге жасанды интеллектінің қазақстандық моделі қажет дейді төраға

Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов Қазақстанды үш жылдың ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру жолында сандық көрсеткіштердің артынан қумай, сапаға мән беруге шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, жасанды интеллект туралы қабылданған заңнан кейін салалық заңдарды да кешенді түрде жаңарту керек. Мемлекеттік органдар заңға тәуелді актілер мен этикалық нормаларды әзірлеуі қажет.
«Бұл ретте маңыздысы – ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтау. Саланы артық реттеп тастамай, дамуға қолайлы орта құру қажет. Депутаттық корпусы бұл мәселе бойынша үйлестіруші рөлін әрі қарай да атқаруға дайын. Екіншіден, бізде цифрландыруда сапалы серпіліс жасау үшін уақытымыз көп емес. Әрбір минут қымбат. Мемлекет басшысы нақты мерзім белгіледі – үш жыл. Сондықтан әр сала үшін нақты жол карталарын әзірлеу аса маңызды. Бұл жұмысқа мемлекеттік органдармен бірге Мәжілістің салалық комитеттері де қосылуға дайын. Ең бастысы – сандық көрсеткіштердің артынан қумай, күнделікті өмірде халыққа көмектесетін шешімдер ұсыну қажет. Білімді – қолжетімді, денсаулық сақтауды – тиімдірек, ал мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы әрі ашық етуіміз керек», - деді Қошанов Мәжілісте жасанды интеллект тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.
Әр жоба шынайы пайда әкеліп, қоғамның тұрақты дамуына үлес қосқаны маңызды дейді спикер.
«Елімізде жасанды интеллектіні дамыту өз алдына дербес міндет емес. Цифрландыру мен технологиялық прогрестің ұлттық стратегиясының ажырамас бөлігі ретінде қарастырылуда. Бізге жасанды интеллектінің қазақстандық моделі қажет. Мемлекет басшысы алдымызға осындай міндет қойып отыр. Ол – азаматтарымыз үшін қауіпсіз, экономикаға тиімді, ұлттық мүдделерімізге сай болып, еліміздің прогрессивті дамуына серпін беруге тиіс. Бұл – жай ғана жарыс емес, ақыл-ой мен білімнің бәсекесі. Ол бәйгеде озық елдердің қатарында болуға біздің мүмкіндігіміз жеткілікті», - деп санайды Мәжіліс төрағасы.