«Мұғалімді алмастырмайды»: Қошанов білім саласындағы ЖИ-ді заңмен реттеуді ұсынды

Автор: Нұргүл Абай

Қоғамның пікірі қазір екіге жарылып отыр дейді спикер

Фото: istockphoto.com

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов жасанды интеллектіні білім саласында қолдануды заңнамалық деңгейде реттеу қажет деп есептейді. Бұл туралы спикер Мәжілісте жасанды интеллект тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазір білім беру саласында, әсіресе мектепте жасанды интеллектіні қолдану мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Қоғам екіге жарылғандай – бірі қолдайды, екіншісі қарсы. Көбіне жасанды интеллект нағыз білімді алмастырып жібермей ме деген алаңдаушылық басым. Әлеуметтік сауалнамаларға сүйенсек, пікірлер әртүрлі: 40,5 пайызы жасанды интеллектінің ықпалын оң бағаласа, 37 пайызы ЖИ оқуды тым жеңілдетіп, материалды үстірт меңгеруге әкеледі деп теріс қабылдайды. Әлеуметтік деректер қазақстандықтардың жасанды интеллектіні білім беруде қолдануды әрі мүмкіндік, әрі қауіп ретінде көретінін көрсетіп отыр»,- дейді Қошанов.

Оның айтуынша, депутаттар да ChatGPT-ке осындай сұрақ қойған. Бір қызығы, жасанды интеллектінің пікірі сауалнама нәтижелерімен сәйкес келген. ChatGPT жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін объективті бағалап, 50 де 50, яғни артықшылықтары да, тәуекелдері де бар деп көрсеткен.

«Мұның бәрі бүгінгі күні жаңа технологияларды пайдалану еркіндігі мен ақылға қонымды шектеулер арасында дұрыс баланс табу қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Жасанды интеллект – бұл мұғалімді алмастырушы емес, көмекші екенін дұрыс түсіну керек. Ол оқытуды тиімдірек етуге көмектеседі. Алайда негізгі білім мен сыни ойлау қабілетін дамыту міндеті адамға жүктеледі. Дәл осы себептен мұндай сезімтал салада білімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты ережелер қажет. Бұл да заң деңгейінде реттелуге тиіс деп санаймын», - деді Қошанов.