Төтенше жағдай біткеннен кейін босаңсып кеттік – Тоқаев

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде коронавирустың барына сенбейтіндер әлі де жетіп артылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде коронавирустық инфекциясын жаппай таралуына алаңдаушылық білдірді. «Biz Birgemiz» онлайн-форумында сөйлеген Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимі аяқталған соң халықтың босаңсып кеткенін айтты.

«Коронавирус бүкіл әлемге өте үлкен жылдамдықпен таралып жатыр. Біздің елді де ол айналып өткен жоқ. ТЖ режимі аяқталған соң біздің халық босаңсып кетті, аурудың барына сенбейтіндер артты. Кейбір азаматтар, оның ішінде мемқызметкерлер қауіптің беті сейілді деп ойлады. Біз қауіп-қатерді болжай алмадық. Медициналық талаптарды, ұсыныстарды орындамадық. Бірақ, COVID-19 әліге дейін айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Сондықтан Үкімет карантиндік шараларды күшейтті», - деді Тоқаев.

Алайда, бұл күйзеліске түсетін жағдай емес деп есептейді Мемлекет басшысы. Ол карантин уақытында адамдардың бір-біріне қалайша жақын бола бастағанын мысалға келтірді.

«Суретшілер, музыканттар, ақындар карантин уақытында шығармашылықпен айналысқандарын жазып жатыр. Ең қиын сәттерден де пайда табуға болады. Әр дағдарыстың артында үлкен мүмкіндіктер жатыр. Біз бұл дағдарысты міндетті түрде еңсеріп, өмірге жаңа көзқараспен қарайтын боламыз. Бастысы, біз жеңіске сенуіміз керек», - деді Қ. Тоқаев.