«AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған талқылауға сарапшылар қатысты
«AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «TALQYLAU» алаңы цифрлық сауаттылық пен интернет сапасы, интернеттегі алаяқтық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Қазақстан цифрландыру саласында айтарлықтай жетістікке жетті. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн форматта қолжетімді, биометриялық сәйкестендіру, QR-мен қол қою сервисі енді, Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Жақын күндері Alem.AI жасанды интеллектінің Ұлттық орталығы ашылады. Алайда цифрлық сауаттылықтың төмендігі, интернет сапасы және онлайн-алаяқтықтың көбеюі негізгі мәселелердің қатарында қалып отыр. Осы түйткілдер мен жаңа мүмкіндіктер «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «TALQYLAU» алаңында талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында алдағы үш жылда Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Бұл бағыттағы нақты қадамдар жөнінде депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері, IT-сектор, ғылыми қауымдастық және ҮЕҰ өкілдері «TALQYLAU» алаңында пікір алмасты. Негізгі спикерлер қатарында Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун, «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев, «Kazdream» ЖШС бас директоры Дәурен Төлебаев болды. Іс-шараның модераторы – «Astana Open Dialogue» аналитикалық платформасының тең құрылтайшысы Александр Данилов.
Қазіргі таңда Парламентте «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы қаралуда. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева цифрландыруды тиімді іске асыру үшін нарық пен қоғамның белсенді қатысуы қажет екенін айтты. Оның айтуынша, осы мүдделерді үйлестіретін негізгі тетік – заңнама. Депутат өз сөзінде «AMANAT» партиясы өкілдері елімізде цифрлық экожүйені қалыптастыруға тікелей атсалысып отырғанын да еске салды: биометрияны енгізу, деректерді жинауға келісім беру тәртібі, операторлардың қызметін реттеу және оларды пайдалану үшін жауапкершілікті заң жүзінде бекіту жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралардың бәрі Қазақстанда жасанды интеллектті дамытуға берік негіз қалап отыр.
«Қазір Мәжілісте екінші оқылымға дайындалып жатқан бұл заң соңғы жылдардағы ең күрделі құжаттардың бірі саналады. Ең басты қиындық – даму мен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Талаптар тым қатаң болса, ол азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне әсер етуі мүмкін, ал тым жеңіл болса – бизнестің дамуын тежейді. Бұл заңның нәтижесі тікелей халыққа әсер етпек: егер экономика артта қалса, олардың тұрмыс деңгейі де төмендейді. Сонда азаматтар «артық шектеулерсіз дамыған цифрлық қоғамда өмір сүргеніміз жөн еді» деуі ықтимал. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – осы тепе-теңдікті табу. Заң жобасының басты мақсаты да – дәл осы», – деді Екатерина Смышляева.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун қазіргі таңда азаматтардың көбісі онлайн-қызметтерді белсенді пайдаланатынын, алайда цифрлық сауаттылық пен интернет сапасына байланысты қиындықтар әлі де бар екенін айтты. Оның сөзінше, ведомствоның міндеті – жасанды интеллект көмегімен осы кедергілерді азайтып, мемлекеттік қызметтерді алу жолдарын қолжетімді ету. Ол сондай-ақ жасанды интеллекттің ұлттық инфрақұрылымын құру жоспарлары туралы айтты. Ол суперкомпьютерден бастап, «Smart Data Ukimet» деректер базасы мен мемлекеттік органдарға цифрлық ассистенттер әзірлеуге мүмкіндік беретін ұлттық платформаның енгізілетінін атап өтті. Бұл болашақта бюрократияны айтарлықтай қысқартып, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырады.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді түсіну, оларды пайдалану әлі де оңай емес. Азаматтар жасына, цифрлық сауаттылық деңгейіне немесе интернет сапасына қарамастан кейде қажетті қызметке қол жеткізе алмай қалуы мүмкін. Біздің мақсатымыз – осы кедергілерді барынша азайту. Жасанды интеллекттің көмегімен электронды үкімет құралдары қарапайым сұраныс негізінде азаматтар мен бизнеске мемлекеттік қызметтерді тез әрі ыңғайлы ұсынуға мүмкіндік беруі тиіс», – деді ол.
«Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев стартаптардың әлеуетін ерекше атап өтті. Бастапқыда сенімсіздік тудырған стартаптар бүгінде өз тиімділігін дәлелдеп, соңғы бес жылда IT-экспорт көлемін 20 есеге арттырды. Егер 2020 жылы IT-экспорт 50 млн АҚШ долларынан аспаса, қазір бұл көрсеткіш 1 млрд долларға жуықтады.
«Kazdream» ЖШС бас директоры Дәурен Төлебаев жасанды интеллекттің практикалық қолдану мысалдарын келтірді. Ол телефон алаяқтарымен күресуден бастап, медициналық сақтандыру жүйесіндегі қаржылық заңбұзушылықтарды анықтауға дейін технологияның тиімділігі жөнінде сөз қозғады. Оның айтуынша, мұндай шешімдер заңсыз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді. Мәселен, МӘМС жүйесінде бір жыл ішінде 2,5 млрд теңге көлемінде алаяқтық әрекеттер анықталған.
Талқылауды қорытындылай келе, «Astana Open Dialogue» тең құрылтайшысы Александр Данилов цифрлық дамудың қазір басты тақырыпқа айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, салалық министрлік елдегі өзгерістердің негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Сонымен қатар қазақстандық қоғамда цифрлық оптимизмнің деңгейі жоғары екенін, халық ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуын оң қабылдайтынын айтты.
Жалпы сарапшылар Президент Жолдауын жүзеге асырудың нақты жолдарын және Қазақстанның жасанды интеллект дәуіріндегі мақсаттарына қол жеткізу тетіктерін талқылады. «TALQYLAU» форматы мемлекет, бизнес пен қоғамның күшін біріктіріп, ашық пікір алмасуға мүмкіндік жасап, Әділетті Қазақстанның цифрлық болашағына бірге қадам басудың маңыздылығын көрсетті.