Денсаулық саласына ЖИ енгізген күннің өзінде шалғайдағы ағайын бұдан құр қалады – депутат
Бұған қоса медицинада жасанды интеллект бойынша білікті маман тапшы дейді ол

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев жасанды интеллект енгізіліп жатқан денсаулық сақтау саласында «шешілмеген шаруалар шаш етектен» екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бюджетте ЖИ мен телемедицинаны дамыту үшін 2026 жылға 500 милллион теңге қарастырған. Алайда мәселе онымен шешіле қалмайды деп санайды ол.
«ЖИ-ні енгізуді мақсат тұтқан денсаулық саласында шешілмеген қарапайым шаруалар шаш етектен. Біріншіден, Қазақстандағы медициналық ұйымдардың бірқатарында қарапайым интернет жоқ. Қағаз жүзінде ғаламторға қосылды деп сым тартылған елді-мекендерде орналасқан емханалардағы интернет табанына тас байлап алғандай алға жылжымайды. Жүйеге құжат жүктеп бітемін дегенше оны аяқтай апарып тапсырғаның тез болады. Мұншалықты нашар ғаламтор желісі ауылдар мен шалғай аудандарда анықталды. Сәйкесінше денсаулық саласына ЖИ-ні енгізген күннің өзінде орталықтан шалғайда тұратын, шекаралық елді-мекендерде мекен ететін ағайын қашанғыдай игіліктен құр қалайын деп тұр. Ал алыстағы азаматымызды аман алып қалу үшін телемедицина мен ЖИ-ні қолданамыз десек, алдымен Қазақстанның түкпір-түкпірін сапалы интернетпен қамтамассыз ету қажет», - дейді Сәрсенғалиев Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.
Оның пікірінше, ол үшін ведомствааралық бірлік пен біріккен қадамдар қажет.
«Себебі қазіргідей бюджет тапшылығы кезінде елдің барлық аумағына сапалы интернет тартуға бюджеттен қаржы бөліне ме? Бұл үлкен сұрақ. Бұдан бөлек, ғаламторға қосылған аймақтарда орналасқан медициналық мекемелердің өзінде серверлердің ескіргені, базалардың есептеу қуаттылығының жеткіліксіздігі, ақпараттық жүйелердің бытыраңқылығы және интеграцияның бірыңғай стандарты жоқ екені анықталды. Оған қоса ЖИ-ні медицинада толыққанды қолдану үшін инфрақұрылымды жаңартумен қатар қажетті технологиялық шешімдерді сатып алу қажет, онсыз бастама іске аспайды. ЖИ-ні енгізіміз деп жанталасқан уәкілетті орган осынша проблеманы жедел шеше ала ма? Бұл да үлкен сұрақ. Ал аталған мәселелерді аттап өтіп ЖИ-ні енгізуге кірісіп кетсе бұл баяғы науқаншылдыққа айналады, болды», - дейді депутат.
Екінші мәселе – медицинада жасанды интеллект бойынша білікті маман тапшы.Осыған орай мәжілісмен Үкіметке өз ұсыныстарын жолдады.
«ЖИ-ні салаға енгіземіз деп бастама көтермес бұрын онымен жұмыс істейтін маманның қат екенін ескеру қажет. Бұл проблеманы қалай қалай шешуге болады? Ұсынысым мынадай: денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіби стандартына «Цифрлық» білім мен дағдыларды енгізу қажет. «Медицинадағы IT» мамандығының кәсіби стандартын жасау керек. Оған қоса медициналық оқу ордаларындағы студенттердің білім беру процесін жаңартып, оларға ЖИ енген кезде қолданылатын ақпараттық жүйелер мен технологияларды қолжетімді ету керек. Әйтпесе ЖИ енгіземіз деген бастаманың басы бар, аяғы жоқ болады», - деп санайды Сәрсенғалиев.
Ал медициналық білім беру жүйесіне осыншалықты күрделі өзгерісті жауапты ведомства жедел әрі сапалы енгізе ала ма, жоқ па, бұл да үлкен сұрақ дейді ол.