Оның айтуынша, 2025 жылы футболға бюджеттен 31 млрд теңге жұмсалған
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Қазақстандағы футбол клубтарын қаржыландыру мәселесін көтеріп, оларды жекешелендіруді және жаттықтырушылардың еңбекақысын арттыруды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгінгі депутаттық сауалыма ала доптағы алабөтен мәселе себеп болды. Мемлекет басшысы Жолдауында: «Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз» деді. Расында қазақстандық футбол клубтары қақпаға гол салудан гөрі, қазынаға қол салуды жақсы меңгерген. Ал біз олардың бюджетке таласқандай жасыл алаңда допқа таласқанын қалаймыз. Себебі қазіргі нәтижелері қарын ашырады. Әлемдегі белді доп додасына жолдама алған жалғыз клуб қалғандарына қорған бола алмайды», - деді депутат.
Нартай Сәрсенғалиев 2024 жылы 13 футбол клубын қаржыландыруға 27,3 млрд теңге жұмсалғанын еске салды.
«Бюджет тапшы боп жатқанда футболға ақша таба қалатын өңір басшыларының шешімін шынымен түсінбейміз. Себебі биыл да аяқдоп аямай асапты», - деді ол.
Депутат айтқандай, 2025 жылы Премьер-лигада ойнайтын «Ордабасы» клубына 3,2 млрд теңге, «Ақтөбе» клубына 2,1 млрд теңге, «Қызыл-Жар» клубына 2 млрд теңге бөлінген. Ал «Астана» футбол клубы «Самұрық-Қазынадан» 5,3 млрд теңге алған.
«Жалпы есеппен 2025 жылы Премьер-лига клубтарына 24 млрд теңге, Бірінші лига клубтарына 7,7 млрд теңге берілген. Сәйкесінше Қазақстанның қамбасынан 2025 жылы футболға 31 799 143 000 теңге жұмсалды деп ресми айтуға болады», - деді депутат.
Сәрсенғалиев футбол клубтарын жекешелендіру арқылы бюджет қаражатын үнемдеуге болатынын атап өтті.
Оның айтуынша, үнемделген қаржыны жаттықтырушылардың жалақысын көтеруге бағыттау қажет.
«2025 жылы еңбек жолын енді бастаған жаттықтырушы 117 мың теңге алса, жоғары санатты жаттықтырушы 145 115 теңгеге күн көруге мәжбүр. Бұл бұқаралық спорттың дамуына кері әсер етеді. Салдарынан жаттықтырушылар жаппай білім саласына кетуде. Сондықтан мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық футбол клубын жедел түрде жекешелендіріп, олардың қаржысының қайда жұмсалғанын толық тексеру керек. Сондай-ақ Үкіметтің №1193 бұйрығына өзгеріс енгізіп, дене шынықтыру-спорт ұйымдарындағы жаттықтырушылардың еңбекақысын арттыру қажет», - деді ол.