«Заң мен тәртіп»: депутат полицияға хабарласуға мүмкіндік беретін жаңа сервисті жетілдіру керек дейді
«Заң мен Тәртіп» сервисі іске қосылғаннан бері полицияға 17 мыңнан астам өтініш келіп түскен

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева ішкі істер министрі Ержан Сәденовке Egov қосымшасындағы «Заң мен тәртіп» сервисінің жұмысына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қоғамды нығайту және еліміздің тұрақтылығын сақтау үшін «Заң мен Тәртіп» қағидатының басты мәнін атап өткенін еске салды. Мемлекет басшысы: «Қоғамда ең алдымен, ешқандай құқықбұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным болуға тиіс. Қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегесіп, жаға жыртысатын әдет бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс» деп мәлімдеген.
«Электрондық үкіметті цифрландыру және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында осы жылдың маусым айында Egov қосымшасында әрбір азаматқа құқықбұзушылық туралы тікелей полицияға хабарлауға мүмкіндік беретін «Заң мен тәртіп» атты жаңа сервис іске қосылды. Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, сервис іске қосылғаннан бері полицияға азаматтардан 17 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Шағымдардың ең көп саны Алматы қаласында (6 мыңнан астам), Астана қаласында (4 мыңнан астам) және Алматы облысында (2000-ға жуық) өтініш тіркелген», - дейді депутат.
Дементьева «Заң мен тәртіп» сервисі әлемдік тәжірибеге сәйкес келетінін атап өтті. Көптеген елде ауладағы бұзақылықтан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа немесе қауіпті жол жағдайларына дейін құқықбұзушылықтар туралы хабарлау үшін жедел желілер мен цифрлық сервистер жұмыс істейді.
«Мысалы, Францияда – мұндай қосымша тәулік бойы полицияға жүгінуге немесе онлайн шағым беруге мүмкіндік береді. Австралияда 2023 жылы киберқылмыстар туралы 600 000-ға жуық хабарлама тіркелді. Испанияда қосымшаны 2,3 миллионнан астам пайдаланушы жүктеп алды, оны туристер белсенді пайдалануда. АҚШ пен Канадада қосымшалар полициямен чат арқылы анонимдік хат алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, азаматтардың «Заң мен Тәртіп» сервисі жұмысының тиімділігі мен құқықтық дұрыстығына қатысты бірқатар сұрақтары туындап отыр. Мәселен, қосымшада жалған ақпарат бергені үшін жауапкершілік туралы ескерту бар ма? Оның дұрыстығы қалай тексеріледі және тағы басқа сұрақтар», - дейді ол.
Осыған байланысты депутат ішкі істер министрлігіне бірнеше ұсыныс жолдады:
- жалған мәліметтер үшін жауапкершілік туралы ескертуді қоса алғанда, келіп түскен хабарларды тексерудің нақты регламентін әзірлеу және енгізу;
- халықаралық стандарттарға сәйкес өтініш берушілердің анонимділігін және дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз ету;
- азаматтармен кері байланыс ұйымдастыру.
- сервистi «сөз тасушылық» емес, азаматтық жауапкершiлiк құралы ретiнде қабылдауды қалыптастыру үшiн өңiрлерде кеңінен ақпараттық-түсiндiру науқанын жүргiзу бойынша шараларды іске асыру.