«Жем-шөптің тоннасы 60 мың теңгеге жетеді»: депутат Түркістан облысындағы қуаңшылыққа байланысты дабыл қақты

Автор: Бақыт Шынар

Қысқы азығы жоқ шаруалар малын арзанға сатып, жапа шегеді дейді ол

Фото: партияның баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Үкіметке депутаттық сауал жолдап, Түркістан облысында қалыптасқан қуаңшылық салдарын жою үшін нақты қолдау шараларын қабылдауды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, биыл өңірде жауын-шашын тапшылығы салдарынан 288,6 мың гектар егіс алқабының 49,8 мың гектары жарамсыз күйге түскен. Бәйдібек ауданында – 25,2 мың гектар, Ордабасыда – 6,7 мың гектар, Түлкібаста – 5,2 мың гектар алқап бүлінген. Төлеби, Сарыағаш, Созақ аудандары мен Арыс қаласында да жағдай күрделі.

Бұл тек ауыл шаруашылығына емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де елеулі әсер етіп отыр.

Негізгі проблемалар:

  • мал азығының тапшылығы;
  • жем-шөп бағасының бір жылда тоннасына 35 мыңнан 60 мың теңгеге дейін қымбаттауы;
  • қысқа азық дайындай алмаған қожалықтардың малын арзанға сатуға мәжбүр болуы;
  • келесі егін маусымына сапалы тұқым қоры болмай қалады

Сәдібеков Үкіметтен:

  • Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруашылықтарға қаржылай қолдау көрсетуді (субсидия, жеңілдетілген несие, қарыз жүктемесін азайту);
  • Жем-шөп қорын тұрақтандыруды (басқа өңірлерден жеткізуді жеңілдету, ұлттық деңгейде тұрақтандыру қорын құру);
  • Суармалы егіншілікті дамытуға республикалық деңгейде қаржы бөлуді (шағын су қоймалары, тоғандар, су үнемдеу технологиялары);
  • Келесі егін маусымына сапалы тұқым қорын қалыптастыруды және шаруалардың несиелері мен лизингтік төлемдерін уақытша шегеруді ұсынды.

Депутаттың пікірінше, Үкімет ұзақ мерзімді кешенді бағдарлама қабылдап, ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеуге, су ресурстарын тиімді басқаруға және мал азығы қорын әртараптандыруға басымдық беруі қажет.